Қызылорда облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, арнайы операция облыстық прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп жүргізілген.
Тергеу барысында топ мүшелері Шиелі ауданындағы Жаманкөл шатқалында табиғи алтынды заңсыз өндіргені анықталған. Күдіктілердің әрқайсына нақты міндет жүктелген: бір бөлігі алтын өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, енді біреулері оны тасымалдау және сатумен айналысқан. Қалғандары қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында аумаққа бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдап отырған. Олар бөгде адамдар туралы алдын ала ескертіп отырған.
Тергеу дерегіне сәйкес өндірілген алтын Алматы қаласына жеткізіліп, сатудан түскен қаражат топ мүшелері арасында бөлінген.
"Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан аса шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты көлік тәркіленді. Сондай-ақ, екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір 13 адам қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова