- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа нысан
Қызылорда облысында тағы бір “Руханият орталығы“ ашылды

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында "Руханият орталығы" ашылды. Мерекелік іс-шараға аймақ басшысы, өнер және қоғам қайраткерлері және аудан тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рәсім үш дүркін "Алтын домбыра" иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды. Облыс әкімі жұртшылықты жаңа нысанның қолданысқа берілуімен құттықтады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет" деген болатын.
Өткен жыл өңірімізде "Руханият жылы" деп айшықталып, мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. Сыр өңіріндегі "Руханият жылы" жемісті болды. "Анаға тағзым", "Отбасы орталығы", көпфункционалды 1000 орындық "Өнер орталығы" салынып, симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді - жыраулық дәстүр өкілдерінің "Жыраулар үйі" ашылды. "Үстел теннисі" орталығы, "Оқушылар сарайы" салынып, ел игілігіне берілді. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ірі құрылыс нысандары іске қосылады.
"Руханият орталықтары" көз ілеспес өзгерістерге толы жаңа заман шақыртуларына жауап беретін бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруда рухани-мәдени шаңырақ болады деп есептейміз. "Руханият орталығы - бірліктің ордасы" еліміздің рухани қазынасын толықтырып, жұртшылыққа қуаныш сыйласын" - деді аймақ басшысы.
Жиында ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Айта кетейік, былтырдан бері барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар "Руханият орталықтары" салынып, пайдалануға беріліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан