Әлеуметтік желіде полицей мен көлік жүргізушісі арасында жанжал шыққан видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кадрлардан полиция қызметкері мен көлік салонындағы ер адамдар сөзге келгені, бір-біріне күш қолданғаны көрінеді.
Желі қолданушылары полицейдің әрекетін сынға алған:
Форма киеді де батыр атанады.
Полиция адамдарға шабуыл жасады.
Бап, заң бәріне тең, формасыз болсаңыз да. Полиция қызметкері жүргізушінің өтініші бойынша қызметтік құжаттарды көрсетуге міндетті. Жүргізушінің де құқығын қорғау керек. Қызметкерлердің құқықтары ғана емес, егер оларды солай атауға болса.
Халықты адам құрлы көрмейді.
Қандай қызметкер болса да құзыретін асыруға құқығы жоқ.
Полицейдің өзі жанжал бастап тұр, бассыздық.
Оқиға Қызылорда облысында тіркелген. Өңірлік Полиция департаменті өкілі бұл жайттың анық-қанығы нақтыланып жатқанын мәлімдеді.
"Жарияланған бейнежазба бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда ер адам мен әйел полиция қызметкерлерімен төбелескені хабарланған еді. 22 сәуірде сағат 17:20-да Екібастұз полициясына Пішенбаев көшесіндегі дүкен маңында мас адамдар ішімдік ішіп жүргені туралы хабарлама түскен. Полицейлер оқиға орнына барған кезде дерек расталған. Дүкен маңында 34 жастағы ер мен 32 жастағы әйел адам болған. Полицейлер екеуін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізу туралы шешім қабылдаған. Алайда олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!