Қызылорда облысы Арал ауданында учаскелік полиция инспекторы қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1 қыркүйекте әлеуметтік желіде жеке үйдің ауласындағы гараждан 1988 жылы туған полицейдің зорлықпен өлтіру белгілері бар cүйегі табылғаны туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес күдіктіге іздеу жарияланған.
Қызылорда облысы Полиция департаменті қызметкер қаза тапқанын растады.
"Арал ауданында тұрмыстық жанжал барысында учаскелік полиция инспекторына дене жарақаты салынып, ол салдарынан қайтыс болды. Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған", - деді ведомство өкілі.
Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
"Күдікті анықталды, оны ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр", - деді ПД өкілдері.
Ведомство мәліметінше, марқұм учаскелік инспектор бұған дейін күдіктіні тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!