Қызылорда облысында әйелге аяусыз шабуыл жасалған. Полиция бұл оқиғаны тергеп жатыр. Күдікті биология пәнінің мұғалімі болып шықты, ол ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Мәліметке сүйенсек, ер адам жұбайына балтамен шабуыл жасаған. Оқиға Қызылорда облысы Шиелі ауданының ауылдарының бірінде болған.
Аудандық білім бөліміндегілер ақпаратты растады: күдікті мектепте биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Оның педагогикалық өтілі - 21 жыл.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Тергеу жүріп жатыр. Бұл іс департамент басшылығының бақылауында", - деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Шиелі аудандық ауруханасы ақпаратына сүйенсек, 42 жастағы жәбірленуші 19 сәуірде ауыр жағдайда ауруханаға түскен және қазір жансақтау бөлімінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова