Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобадан 60 млн теңге қолды болған

Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобадан 60 млн теңге қолды болған
Фото: Видео кадры

ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражат жымқырылғанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Схема қалай жүзеге асқан?

2021 жылы "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ "Сыздық Ата" ЖШС бірлескен кәсіпорнын құрған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңге болған.

Жоба мал шаруашылығын дамытуға, Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған.

Бұл қаражат 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал және етті қаптауға арналған жабдық сатып алуға бағытталған.

60 млн теңге қалай қолды болды?

Тергеу дерегіне сәйкес мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін жымқыру схемасын ұйымдастырған. Осылайша, жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы "Нұрай" және "Абылайхан" ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі көлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget