Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастағандар сотталды

Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастағандар сотталды
Фото: видео кадры

Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз саудалап, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырған екі адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Massaget.kz.

Тергеу мәліметінше, сотталғандар тиісті рұқсат алмай, "Астана" халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы цифрлық активтерді айырбастаған.

Олар жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын криптовалюта сатқан. Заңсыз айырбастау қызметінен түскен табыс 178 миллион теңгеге жеткен.

Есірткі саудасынан түскен ақша заңдастырылған

Сотталғандардың бірі есірткі сатудан алынған қаражатты заңдастырумен де айналысқан. Ақшаны қабылдап, басқа шоттарға аудару үшін банк шоттарын пайдалануға берген дропперлер тартылған.

Осы шоттар арқылы 600 миллион теңгеден астам қаражат аударылған. Кейін ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен.

Тергеу барысында сотталғандардың қылмыстық жолмен алынған ақшаға жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына тіркегені анықталды. Кейін арнайы техниканы кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.

Сот қандай үкім шығарды?

Сот үкімімен айыпталушылардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 миллиард теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

О. Сансызбай
Logotype Massaget