Қызылорда облысында қауіпті той кортежіне қатысқандар жауапқа тартылды

Қызылордада той кортежінің жүргізушілері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған. Бұл әрекеттер бейнебақылау камераларына түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, 11 тамызда той кортежіндегі көліктер жол ережесін өрескел бұзған. Соның нәтижесінде барлық жүргізуші тоқтатылып, полицияға жеткізілген.

12 жүргізушіге қатысты 33 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тағы 10 көлік арнайы тұраққа қойылды.

Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневр жасау, жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін жағдай туғызу, көлік жүргізіп келе жатып телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау деректері анықталған. Бұдан бөлек, жол ережесін бұзудың басқа да түрлері тіркелген.

Полиция өкілдері той немесе басқа да мерекелік шара жүргізушілерге жол ережесін бұзуға рұқсат бермейтінін еске салды.

"Той кортежіне жолда ешқандай артықшылық берілмейді. Заң талабын бұзған әрбір жүргізуші жауапқа тартылады", – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз