Ақтөбе облысының аумағындағы қатты боранға байланысты кешеден бері республикалық маңызы бар М-32 "Самара-Шымкент" автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы жабылған.
Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Осыған байланысты Аралдан 20 шақырым қашықтықта жол патрульдік полицияның 12 инспекторы 6 автокөлікпен жол бойында жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде Ақтөбе облысына бағыт алған 584 жүк көлігі, 13 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік және 1000-ға жуық жолаушы тоқтатылды. Аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған.
Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің, білім саласы қызметкерлері жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырды. Әйелдер мен балалар аудан орталығындағы индустриалды- техникалық колледж жатақханасына орналастырылды. Медицина қызметкерлері екі мезгіл жолаушыларды аралап денсаулығын тексеріп жатыр.
Жол бойындағы қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен тамақ бағасы жергілікті әкімдіктің ұдайы бақылауында.
7 ақпаннан бастап Қазалы ауданының Ойынды елді мекені тұсындағы "Мирас" кешеніне 135 жүк көлігі (фура) мен 35 жеңіл автокөлік тоқтатылды. Көліктерде 200-ге жуық адам бар. Жол полициясы қызметкерлері жолдың жабық екенін түсіндірді. Наразылық жоқ.
Аудан әкімдігі кешен басшылығымен келіссөз жүргізіп, жолаушыларға тамақ арзан бағамен беріліп жатыр. Дәрі-дәрмек, ауыз су тегін үлестірілді. Азық-түлік қоры жеткілікті. Балалы жолаушыларға кешеннің қонақ үйінен тегін жатын орындар дайындалды, кезекшілік қойылған.
Тек Арал, Қазалы ғана емес, барлық ауданда жолаушыларға аудан әкімдіктері тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бақылауда. Боран басылып, жағдай тұрақталған соң автокөліктерге жол полициясы жол бастап, сапарын жалғастырады.
Материалды Қызылорда облысының әкімдігі ұсынды
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!