Қызылорда облысы полицейлері жоғалып кеткен 3 жасар баланы әлі іздестіріп жатыр, — деп хабарлайды Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Тамыз айының 5-і күні әкесі 3 баласымен Қармақшы ауданындағы Калинин жеріне шөп оруға шығады. Тап осында әкесі балаларының бірін жоғалтып алған. Қазір Алтайұлы Баубекті іздестіруге Қармақшы ауданының полицей қызметкерлері, әкімшілік, кинолог, Төтенше жағдай қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еріктілер жұмылдырылып отыр.
Полицей қызметкерлері мен құтқарушы топ ауданның оңтүстік, солтүстік, Калинин бағытындағы батыс бөлігін, шығыс бағытындағы Сарыөзек жерін тінтіп шыққан.
3 жасар баланың үстінде қара жеңіл жейде, қара шолақ шалбар, көк түсті сандал мен басында көк бас киімі болған.
Іздестіру әлі де жалғасып жатыр. Егер кімде-кім баланы көрген жағдайда Қызылорда облысының полицей қызметкерлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз.