- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызылорда облысында газ...
Қызылорда облысында газ баллоны жарылып, 76 жастағы әйел қаза тапты
2024 жылғы 5 қаңтарда сағат 09:43-те Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылындағы тұрғын үйде сыйымдылығы 50 литр газ баллоны жарылып, салдарынан ауданы 80 шаршы метр тұрғын үй толығымен жанып кетті, ауданы 40 шаршы метр аумақ қираған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
76 жастағы әйел қаза тауып, анасын құтқармақ болған ұлы қатты күйіп қалған.
Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сағат 10:56-да толық сөндірілді.
"Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйінді астынан үй иесі 1948 жылы туған тұрғынның мәйітін шығарды, сонымен бірге 1994 жылы туған азамат күйік жарақатын алғандықтан аудандық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнында өрт-техникалық зерделеу және анықтау бөлімі жұмыс жүргізіп жатыр", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаменті, еріктілер, өртке қарсы қызмет, аудандық полиция бөлімі, медициналық жедел-жәрдем бригадасы, аудандық электр тораптарын тарату бөлімі (42 адам, 10 бірлік техника) жұмыс істеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан