Қызылорда облысында бақташы құны 9 млн теңге болатын 21 түйені ұрлап, сатып жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2021 жылдың көктемінде Қызылорда облысының Қазалы ауданында ауыл шаруашылық мекемесінің басшысы 53 түйесін жергілікті бақташыға сеніп тапсырған. Уақыт өте малын санағанда едәуір бөлігі жоқ болып шыққан. Ол аудандық полиция бөліміне арызданып, 21 түйесінің жоғалғанын айтты.
Тексеру жұмыстарын жүргізген полиция қызметкерлері бұл жайтқа бақташының қатысы бар екенін анықтады. Күдікті малдың көп бөлігін иемденіп, сойып, етін сатып, ал ақшасын өз қажетіне жұмсаған. Жалпы, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 9 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Қазалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!