Қызылорда облысындағы жедел тамақтану орнының қасбетінде Алаш арыстарының портреті бейнеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәсіпкерлік нысаны Шиелі ауданының орталығында орналасқан. Көз сүйсінерлік көріністі журналист Ержан Қожас әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қасбеттен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлын көруге болады. Бұл кәсіпті жергілікті жас кәсіпкерлер Дінмұхаммед Дәуренбеков пен Ержан Ақбергенов бастаған.
Екі дос 2016 жылдан бері бизнеске бет бұрған. Соның ішінде фаст-фуд саудасының да көркін қыздырған. Ал мұндай орындарға жастар жиі бас сұғатыны анық.
"Қатарластарымның арасында суреттегі тұлғаларды танымайтындар болуы мүмкін. Осыны көргесін ізденіп, кім екенін білуге ұмтылатын шығар. Ғимарат тар, әйтпесе, Абайдан бастап Дінмұхаммед Қонаевқа дейін салдырар едім", - деді Ержан Ақбергенов.
Суреттің авторы - қызылордалық жас суретші Дәулетбек Тойшыбаев.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!