Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты екі басқарманың лауазымды тұлғалары "Прокуратура туралы" Конституциялық заңның талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қызылорда облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Облыс прокуратурасы мал жаюға арналған жайылымдардың жетіспеушілігіне талдау жасап, нәтижесінде мал санының статистикасын қалыптастыру барысында бұзушылықтарға жол берілгенін анықтады.
Бұл дерек бойынша прокуратура облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсыну енгізді. Дегенмен осы басқарманың басшысымен қадағалау актісіне уақытылы жауап берілмегендіктен, ол сотпен ҚР ӘҚБтК-нің 664-бабымен әкімшілік айыппұл түріндегі жауаптылыққа тартылған.
Тағы бір жағдайда Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Табиғат қорғау прокуратурасының тексеруге қажетті құжаттарды ұсыну туралы талабына немқұрайдықпен қарап, прокурордың заңды талабын орындамаған.
Бұл әрекет үшін басшысы сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 665-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 172 мың теңге айыппұл салынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз