- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- оқыс оқиға туралы
Қызылорда облысында 4 жастағы қыз түйенің астында қала жаздады
Қызылорда облысында 4 жастағы қыз түйенің табанының астында қала жаздады. Бүлдіршінді Арал көпбейінді орталық аудандық ауруханасының дәрігерлері құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ӘМСҚ облыстық филиалының өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай бала әкесімен бірге балабақшадан қайтып келе жатқанда болған. Жануар сүрініп, бар салмағымен олардың үстіне құлаған. Соның кесірінен бала ми жарақатын алған, ал әкесі зардап шеккен жоқ. Кішкентай науқас шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген.
"Түйе бар салмағымен қызымның үстіне құлаған. Құдай сақтап, аман қалды. Тамилланың жағдайда ауыр еді, қазір беті бері қарады", - деді баланың анасы Нағима Жұмағалиева.
Диагностикалық тексеру кезінде баланың бас сүйегі шытынағаны анықталған.
"Бала ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілді, құлағынан қан кеткен. КТ арқылы тексеру жүргізілді. Бас сүйегінің самай бөлігінде шытынау анықталды. Мида қан ұю белгілері жоқ. Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургтарымен кеңестік. Консервативті ем ұсынылды, науқас бақылауда", - деді аурухананың бөлімше меңгерушісі Тұрғанбек Ерсейітов.
Бала тиісті емін алып, үйіне шығарылған.
Назерке Саниязова
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова