- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызылорда облысында 25...
Қызылорда облысында 25 жастағы адам жұмысының кесірінен мүгедек болып қалған
Қызылорда облысында 25 жастағы адам автоцистерна шлангысынан соққы алып, мүгедек болып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
2002 жылы 25 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны 3-санатты мұнай-газ өндіру операторы болып, акционерлік қоғамға шарт бойынша жұмысқа орналасқан. Бір жылдан кейін өндіріс орнында мұнайды автоцистернаға құйып жатқанда, шланг парафиннің қысымынан қозғалып, операторға соққы тиген. Соққыдан құлаған ол, ауыр дене жарақатын - омыртқа-жұлынның ауыр жабық жарақатын алған.
Осыған байланысты омыртқалардың сынуы, шығуы, мойын омыртқасының контузиясы және жамбас мүшелерінің қызметі бұзылғандықтан, ол мүмкіндігі шектеулі деп танылған (I топ).
Акт жұмыс берушінің жазатайым оқиғаға 100 пайыз кінәлі екенін анықтайды.
Осыған орай, жәбірленуші Қызылорда қалалық сотына АҚ-дан моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюмен жүгінген.
Ол жарақатына байланысты әлі күнге дейін төсек режимінде екенін, 2003 жылдан бері жұмыс беруші жоғалған табысы үшін ай сайын 39 мың теңге, ал 2021 жылдан бастап 42,5 мың теңге төлегенін көрсеткен.
Талап қоюшы асырауында екі баласы бар екенін, бұл ақшаның және күнкөріс құнының өсуіне байланысты жәрдемақылардың жетіспейтінін атап өткен. Сот зардап шеккен оператордың қозғалу мүмкіндігін жоғалтып, 20 жылдан астам уақыт бойы психикалық азап шеккенін анықтады. Осыны ескере отырып, сот талап қоюды қанағаттандырды.
Келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін АҚ-дан жәбірленушінің пайдасына 2 миллион теңге өндірілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек