Қызылорда облысындағы 230 елді мекеннің 20-сы интернетке қосылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
4G соның 93-інде ғана ұстайды. Интернет тартылған күннің өзінде сапасына айтылар сын көп.
"Біздің ауылда "Beeline" мұнарасы болғанмен өзі жоқ. "Tele2"-ден басқасы тартпайды. Оның өзі лаж. Жылдамдығы нашар. Жоқтан жақсы деп жүрміз, - дейді Қазалы ауданы Жанкент ауылының тұрғыны Балмира Қалыбаева.
Біз айтып отырған 20 елді мекенде тұрғындар саны 250-ден аз.
"Оларды интернетке қосу, байланыс сапасын арттыруға байланысты жол картасы дайындалып жатыр. Министрлік, сондай-ақ, 2023-2027 жылдар аралығында "Қолжетімді интернет" ұлттық пилоттық жобасы аясында ауылдарды интернетпен қамту жұмысын жүргізбек", - деді облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
20 ауылдағы ағайын технология дамыған ХХІ ғасырда әзірге телефонмен "әу" деуден әрі аспай тұр. Ал кейбір елдімекен тұрғындарына тығырықтан өз күшімен шығудан басқа амал жоқ.
"Арал жақта төркін тұрады. Ауылда бұрын интернет тартпайтын. Былтыр қыста әр үй 80-100 мың теңгеден төлеп, вай-фай құрғызды. Басқа жұрт та осылай өз күндерін өзі көріп жатқан шығар", - деді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлдана Есендік.
Облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімі облыс орталығында алдағы екі жылда 5G іске қосылатынын алға тартты.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!