Қызылорда облысында браконьерден 14 қап киік еті тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
Қазалы ауданында Қызылорда облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының рота қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Volkswagen көлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру барысында 14 қапқа салынған киік еті табылып, айғақ зат ретінде тәркіленген.
"Тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды. Күдіктіге қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасына санкция шығарды", - деп жазылған хабарламада.
Басқа қандай деректер анықталды?
Жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер 20 күнде табиғат қорғау заңнамалары бұзылған 163 деректі анықтапты. Оның ішінде 6 қылмыстық іс және 157 әкімшілік құқықбұзушылық іс бар.
Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзудың (ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы) 136 дерегі анықталған. Заңсыз балық аулаудың (ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы) 12, тіркелмеген қаруды сақтаудың (ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы) 5 дерегі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова