Қызылорда облысынан 39 отбасы солтүстікке көшті

Қызылорда облысынан 39 отбасы солтүстікке көшті
Фото: Massaget.kz / Назерке Саниязова

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасының бір тармағы – ішкі көші-қон арқылы еліміздегі еңбек күшін теңестіру. Халқы тығыз орналасқан, оның ішінде Сыр өңірінің тұрғындарын солтүстікке көшіру ісі әлі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша 39 отбасы немесе 135 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Оның басым бөлігі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына көш түзеген", - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева.

Ішкі көші-қон аясында мемлекет ұсынатын қолдау туралы солтүстік өңірлердің өкілдері жергілікті тұрғындарға өздері де келіп айтып берді. Ол үшін облыс орталығында "Жетістіктер алаңы" шарасы ұйымдастырылды. Шараға Абай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегациялар қатысып, "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру" жобасы бойынша аймақ халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 3 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

Сондай-ақ, басқарма "Amanat" партиясы облыстық филиалымен бірге орта буын медицина қызметкерлеріне арнап бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді.

"Аймақта орта медициналық персоналдың үлкен профициті байқалады. Осы орайда жәрмеңке онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған еліміздің өзге 10 өңіріндегі еңбек ресурстары тапшы жұмыс берушілер – ауылдық, аудандық емдеу мекемелерінің басшылары қатысты. Жұмыс іздеушілер басқа облысқа қоныс аударған жағдайда мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктер мен қолдау шаралары туралы толық мәлімет алды", - деді басқарма басшысы.

Назерке Саниязова
Қызылорда облысы

Тағы да оқи отырыңыздар: Кәуапты қалай маринадтайды?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz