Наурыз мейрамы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, "Бестам", "Телікөл" ауылдық округтеріне газ қосу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен, қос қуанышпен құттықтады.
"Облысты газдандыру жоспары кезең-кезеңімен орындалуда. Барлық аудан орталығы мен 4 қаламыз, 27 елді мекеніміз табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді "көгілдір отынмен" қамтамасыз етеміз. Осылайша өңірімізде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетеді. Қазір ауданның 40 мыңнан астам тұрғыны табиғи газдың игілігін көруде. "Еңбекші", "Жиделіарық", Ә.Тәжібаев, "Алмалы", Досбол датқа, "Бестамға" газ тарату желілерін тарту үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілді. Өткен жылдан бері "Еңбекші" және "Жиделіарық" ауылдарының тұрғындары газ тұтына бастады. Бүгін "Бестам" және "Телікөл" ауылдары қосылуда. Жақын күндері "Алмалы" және Досбол датқа ауылдарына газ барады. Ауылдарыңызға келген "көгілдір отын" – көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етеді деп сенемін", - деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындарын еңбек ардагері Дайрабай Ысқақов та құттықтап, бата берді.
Іс-шара барысында аудан дамуына үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Рәсімнен кейін облыс әкімі газ қосылған үйді көріп, ізгі тілегін білдірді.
Сапар соңында аймақ басшысы "Телікөл" ауылдық округіндегі "Наурыз. Қазақстан. Жаңару!" атты мерекелік іс- шараға қатысты.
Материалды Қызылорда облысы әкімдігі ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!