Қызылордадағы мектепте оқушы бұрыш спрейін шашып, 20-дан астам оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 3 қазан күні облыс орталығындағы мектептердің бірінде болған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылордадағы мектептердің бірінің оқушысы бұрыш спрейін шашқан.
"Қызылордадағы орта мектепте бұрыш спрейін қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады полиция.
№9 орта мектептің зардап шеккен оқушыларының бірі, 12 жастағы Диманың айтуынша, оқиға ағылшын тілі сабағы басталған кезде, шамамен сағат 17:00-де болған.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы 7 мен 12 жас аралығындағы 20-дан астам бала түскенін хабарлады. Олардың бәрінің іші ауырып, жүрегі айнып, тамағы жыбырлаған және ауыздарынан жағымсыз иіс шыққан.
"Бізге 3 қазан күні сағат 16:00-ден бастап балалар түсе бастады. Оның ішінде зардап шеккен бес баланың жағдайы тұрақты ауыр болғандықтан, "белгісіз заттан улану" диагнозымен токсикология бөліміне жатқызылды. Зардап шеккен қалған балалар медициналық көмек алған соң мекемеде дәрігерлердің бақылауында болды, кейін үйлеріне жіберілді", – деді педиатр Айдана Байсара.
Еске салайық, бұл – Қызылордадағы мектепте оқу жылы басталғалы бері екінші рет болған оқиға. Бұған дейін 23 қыркүйекте облыс орталығындағы мектептердің бірінде үзіліс кезінде оқушы бұрыш спрейін шашып, салдарынан төрт мектеп оқушысы зардап шекті. Оқиғадан кейін мектеп директоры, сынып жетекшісі және басқа да мектеп қызметкерлері жұмыстан кетті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!