Қызылорда құрылыс қызған қалаға айналды

Қызылорда құрылыс қызған қалаға айналды
Фото: Massaget.kz

Қызылордада халықты тұрғын үймен қамту, бас шаһардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бастамалар жалғасуда. Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев айтып берді.

Әсіресе, Сырдария өзенінің сол жағалауына қоныс тепкен жаңа қала күннен-күнге көркейіп келеді.

"Өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында өңірімізде алғаш рет осы ауданнан 504 пәтерді құрайтын 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бүгінгі күні негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандыру, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, сол жағалаудан 470 пәтерді құрайтын 10 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталды. Қазір айналасы абаттандырылып жатыр. 84 пәтерлі 7 қабатты 10 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін мыңнан астам пәтердің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі", - деді бөлім басшысы.

Тұрмысы төмен отбасыларға да мемлекет тарапынан қолдау үзілмейді. Атап айтқанда, кезекте тұрған көпбалалы және осал топтағы азаматтар үшін 1019 пәтер, апатты жағдайдағы баспана тұрғындары үшін 135 пәтер сатып алу межеленген. Бүгінгі күні осал топқа арналған 79 пәтер сатып алынды.

"Ауыл – ел бесігі" жобасы шаһардың көптеген бөлігіндегі инженерлік инфрақұрылымды жаңалауға жол ашып отыр. Оның ішінде Қызылжарма, Ақсуат, Досан, Қараөзек, Айнакөл ауылдары мен Қараөзек бекетіндегі тозығы жеткен электр желісі қайта жаңғыртылады. Ал жаңа қоныс аймақтарына жаңадан электр желісін жүргізу көзделген.

"Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында "Арай" шағын ауданындағы Мәуелі көшесіне ауызсу желісі тартылса, "Бәйтерек" шағын ауданындағы тұрғын үйлер газбен және сумен жабдықталады. Жас Алаш, Теректі, Сарысу көшелерін электрмен жабдықтау жоспарланған. Ал Сарысу көшесіне ауызсу құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Белкөл кентіндегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне электр желісі жүргізіліп, Қызылжарма аумағының 35 көшесіне 38,25 шақырым тас төселді", - деді Жеңісбек Файзуллаев.

Сонымен қатар Жаппасбай батыр (КБИ ауданы), Әуезов көшелерінде, "Арай" шағын ауданында көтергіш сорғы станциялары салынбақ. Бұл жұмыстар қала тынысын ашып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Назерке САНИЯЗОВА
Қызылорда облысы

Тағы да оқи отырыңыздар: Қуырмаш деген не?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz