Қызылорда-Жезқазған тасжолы: Қызылорда облысындағы бөлігі қашан ашылады?

Қызылорда-Жезқазған тасжолы: Қызылорда облысындағы бөлігі қашан ашылады?
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген республикалық маңызы бар Қызылорда-Жезқазған тасжолының Қызылорда облысындағы бөлігі жыл соңына дейін ашылады.

Облыс шекарасынан бастап Қызылорда бағытына қарай 90 шақырым аралық пайдалануға беріліп, оған қоса 50 шақырым жолда ішінара қозғалыс ұйымдастырылады. Сыр өңірі үшін маңызды жобалардың бірі бойынша ҚР Көлік министрлігінің бастамасымен "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БАҚ өкілдеріне арнап, "Сапа керуені" атты баспасөз турын ұйымдастырды. Баспасөз туры аясында журналистер жаңартылған жолдың жағдайымен танысты.

Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 3580,5 шақырым. Оның 1014,5 шақырымы республикалық, 555 шақырымы облыстық, 2011 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Қызылорда мен Жезқазған аралығындағы 424 шақырым жолдың 204 шақырымы Сыр өңірінің аумағына тиесілі.

Соның ең маңызды бөліктерінің бірі Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ тасжолы Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін жалғап жатыр. Бұл жол аймақтың дамуы үшін айрықша маңызға ие. Еліміз бен өңір экономикасына жан-жақты ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға, мәдени мұраларды сақтап, туризмді түлетуге мүмкіндік береді.

Халықты діңкелеткен жол жайы 2022 жылғы жаздан бастап түбегейлі өзгеріп, өңі кіре бастады. Жалпы жоспарға сәйкес 140 шақырым асфальт жабынымен қапталады. Қазір 3 учаскеде соңғы жабын бойынша асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақындап, жол таңбаларын сызу, жол белгілерін орнату және жол жиегін нығайту жұмыстары жүріп жатыр.

ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасеновтің сөзіне сүйенсек, ұзындығы 200 шақырымға жуық жол толықтай реконструкциядан өтіп жатыр.

"Қызылорда облысы бойынша жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған. Мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу сияқты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмысына 700-ден аса адам, 400-ге жуық техника жұмылдырылған. Жобаның Ұлытау жағындағы 208 шақырымы бойынша реконструкция келесі жылы басталады. Мердігер мекемелер анықталып, жол 8 учаскеге бөлініп, дайындықты бастап кетті. Ұзындығы 400 шақырым болатын жолды салып бітіру мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген", - деді министрлік өкілі.

Нұртілек Хасенов

Нұртілек Хасеновтің айтуынша, жолдың сапасы басты назарда. Алдымен мердігер мекемелердің зертханасында тексеріледі. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттарының талаптарына сәйкес халықаралық инженерлер, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы қатаң бақылауда ұстап отыр.

Баспасөз турында "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев инспекциялық шолу барысы туралы айтты.

"200-ден аса кемшілік және талапты бұзу дерегі анықталды. 4,2 мың сынама зерттеуге алынып, нәтижесінде жолдың 20 пайызы талапқа сай келмейтініне көз жеткіздік. Кемшіліктерді мердігер өз қаржысы есебінен қайтадан қалпына келтірді. Салынған үш учаскедегі жолдың тегістігіне келетін болсақ, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Бұл - өте жақсы көрсеткіш", - деді орталық жетекшісі.

Болатбек Айтбаев

Қызылорда облысы бөлігінде 5 мердігер мекеменің жұмысшылары күннің ыстық-суығына қарамай тер төгіп жүр.

"Негізгі құрылыс жұмысы, яғни үш қабатты бөлігі салынып болып қалды. Енді үстіне қиыршық тасты-мастикалық полимер асфальт-бетон жол қоспасын төсеу қажет. Келісімшарт талаптарына сәйкес бес жыл кепілдеме мерзімі белгіленген. Осы уақыт ішінде қандай да бір ақау табылса, мердігер оны өз қаражаты есебінен жояды", - деді Нұртілек Хасенов.

Жол сапасын бақылауға алғандар қатарында шетелдік мамандар да бар. Оңүстіккореялық компания өкілі Пак Чжан Жоң сапа мәселесінде халықаралық талаптар ескерілгенін, оған кепілдік бере алатынын жеткізді.

Пак Чжан Жоң

Мердігерлердің басым бөлігі - Қытай компаниялары. Соның бірі - "Лунцзянь" жолдар мен көпірлердің құрылысы бойынша жауапкершілігі шектеулі АҚ-ның Қазақстандағы филиалы.

Филиал өкілі Маржан Қамарованың сөзінше, компанияда 160-қа жуық адам жұмыс істеп жатыр. Оның 25-і - Қытай азаматы, қалғаны - қазақстандықтар. 80-85 пайызы - жергілікті азаматтар, яғни Қызылорда қаласынан.

"Қыран" ЖШС - жол құрылысы саласында тәжірибесі жеткілікті, бес мердігердің ішіндегі жалғыз отандық әрі жергілікті компания.

"Бізге тиесілі жол ұзындығы - 29 шақырым. 2022 жылы сәуірде жұмыс басталды. Қазір үш қабатты асфальт толық төселді. Жол белгілерін қою, жолақтар сызу, жарықшамдар орнату жұмыстары аяқталды. Жолаушыларға арналған демалыс аймағы салынып жатыр. Жыл аяғына дейін жолды толығымен пайдалануға береміз. Осы жұмысты атқаруға 150-ден аса жұмысшы, 90 техника тартылды", - деді "Қыран" ЖШС-ның жоба жетекшісі Есентай Өмірзақов.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар жол салу барысында 6 асфальт зауыты құрылғанын, 195 шақырым жолдың 165 шақырымына айналма жол салынғанын мәлімдеді.

"Көлік министрлігінің тапсырмасына және бекітілген кестеге сәйкес 140 шақырым жол құрылысы жоспарланған. Соның 90 шақырымы биыл пайдалануға беріліп, онда толық көлік қозғалысын ұйымдастырамыз. Қалған 50 шақырымын келесі жылдың аяғына дейін бітіреміз", - деді ол.

Қызылорда қаласының тұрғыны Серік Райымбеков бұл аралықпен жиі қатынайды. Жолдың ойдым-ойдым шұңқыры өзге көлік жүргізушілері мен жолаушылары сияқты оны да әбден шаршатқан.

"Жол құрылысы толық бітсе, шығын біраз азаяр еді. Уақыт та үнемделеді. Жолдың аяқталған бөлігіне көңіліміз толады. Сапасы жақсы, ризамыз", - деді ол.

ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов жол салудың өзіне тән қиындықтары барын, бірақ ол ескерілмей, көбіне сыни пікірлер жиі айтылатынын айтты.

"Біздің саладағы үлкен проблема - кадр тапшылығы. 8 жыл жабылып қалып, былтыр қайтадан ашылған жол құрылысы мамандығы бойынша еліміздегі 8 жоғары оқу орны мамандар дайындайды. Осы мамандыққа 800 мемлекеттік білім гранты бөлінгенмен, небәрі 40 студент қана құжат тапсырды. Бұл - төрт жылдан кейін білікті 40 инженер ғана диплом алып шығады деген сөз. Біз қанша жерден жол салып, бітірсек те, оны мамансыз күтіп-ұстау мүмкін емес. Жастарды салаға тарту қиын болғандықтан, шет елден адам алдыруға мәжбүрміз. Жол мамандарының жалақысы жоғары. Бірақ негатив пікір көп болғандықтан, ешкім келгісі келмейді", - деді министрлік өкілі.

"Сапа керуені" баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері жаңа жолдың үстімен жүріп, Қызылорда облысының шекарасына дейінгі атқарылған жұмысты көрді. Жол салушылардың тыныс-тіршілігімен танысып, қызу тірлікке куә болды.

Суреттер: Нұрболат Нұржаубай

Жыл аяғына дейін Қызылорда-Жезқазған автожолының 140 шақырымында көлік қозғалысы ашылуға тиіс.

Назерке Саниязова

Massaget.kz