"Қызылжар" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Massaget.kz.
ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мәлім еткендей, ол жалпы сомасы 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Тергеу дерегіне сай, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған, қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған. Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтердің енгізілуін қамтамасыз еткен.
Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.
Егер іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз. Байланыс телефондары: +7 (7172) 70-84-78, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Григорий Лория – Қазақстан футбол құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лорияның әкесі. Давид Лория сондай-ақ Қазақстанның бірқатар клубтарында ойнады, ал футболдағы мансабын аяқтағаннан кейін футбол менеджментімен айналысты. 2026 жылғы маусымда "Жеңіс" клубының бас директоры болып тағайындалды.