Қызылағашта салынған үйлерге қатысты дау шықты

Қызылағашта салынған үйлерге қатысты дау шықты
Фото: Алматы ТВ

Жетісу облысында Қызылағаштағы су тасқынынан кейін салынған үйлерге қатысты дау шықты. Ауыл тұрғындары бұрынғы әкімді үйдің бірін заңсыз иемденді деп айыптап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Су тасқынынан кейін Қызылағашта 12 үй артық салынып, коммуналдық тұрғын үй қорына бекітілген. Соның бірі - Смайылхан Жайсанұлы көшесіндегі 6-үй. Ауыл тұрғындары арасындағы даудың басы осы баспанадан басталған. Өйткені 2017 жылы бұл үй экс-әкім Айдар Самиховтың туысының атына жекешелендірілген.

"Жалған ақпарат беріп, сотты алдап, баспананы атына аударып алған. Ол құжатты қайта жасап, сол үйге кіргеннен кейін апасының атына аударды. Сот шешімі бұзылмаған. Жұмыстан кеткеннен кейін қайтадан соттасып жатыр", - деді Қызылағаш ауылының тұрғыны Сәуле Әмитова.

Ауыл тұрғындары шенеуніктің үйді заңсыз алғанына сенімді. Олардың айтуынша, апатқа дейін оның өзі де, туыстары да Қызылағашта тұрмаған. Ал Айдар Самихов 2011 жылы бас маман болып келіп, кейін округ әкімі қызметін атқарған.

"2015-16 жылдары нақтысын білмедім, Айдар Самихов округ әкімі аппаратының бас маманы болды. 2017 жылы  сот шешімі арқылы Айдардың апасы Разия Самихованың жекеменшігіне өтті. 2019 жылы ауыл тұрғындары шағымданды. Сол себепті Р.Самихова нотариалды түрде округ әкімі аппаратының балансына үйді қайтадан өткізді. Сот шешімі болғандықтан, ол базада жаңағы азаматшаның атында көрсетіліп тұрды. Самихованың үйді жекеменшігіне аудару мәселесіне қатысты сот процесі жүріп жатыр", - деді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Нұрлан Досмақов.

Коммуналдық меншіктегі үйді тұрғындар ұзақ жылдан бері жекешелендіре алмай келген. Жауапты мамандар мәселені жуық арада шешеміз деп сендірді. Олар үйлерді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына алмақ ниетте. Бірақ оның да талаптары бар.

"Оның 2 жолы бар. Біріншіден,  I-II топтағы мүгедек азаматтарға, ҰОС ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтарға қайтарымсыз меншігіне беруге болады. Екіншіден, осы санатқа жатпайтын азаматтар қалдық құнымен есептесіп сатып алады. Екі нұсқа бойынша жұмыс істейміз. Он екі азаматтан өтініш түсті", - деді Ақсу аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов.

Алайда тұрғындардың дені қалдық құнымен сатып алуға да келіспей отыр.

"Үйдің ақшасын төлейміз бе, балаларымызға тамақ аламыз ба? Оған келіспеймін", - деді Қызылағаш ауылының тұрғыны Ақмарал Қабимулдинова.

Ал дауға айналған үй жекенің меншігіне өте ме, әлде коммуналдық үй болып қала ма, алдағы сот отырысында шешілмек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина