Қызыл кітаптағы жануарларды қасақана өлтіретіндер көбейген

Қызыл кітаптағы жануарларды қасақана өлтіретіндер көбейген
Фото: uganka.ru

"Алтынемел" табиғи ұлттық паркінде еліміздің Қызыл кітабына енген тұяқты жануарлардың саны өсіп келеді. Таяуда олардың жаңа тізімі жасалды. Бірақ, аңды аямайтын, қасақана оқ ататындар әлі де бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құлан, қарақұйрық пен арқарды санау таңғы сағат 6-да басталады. Сапқа тізілген сала мамандары бірнеше топқа бөлініп, сайын даланы сүзуге кіріседі. Былтырғы санақ бойынша  5300 қарақұйрық, 3500 құлан және 170 бас арқар болған. Биылғы санаққа 9 экипаж жасақталды. Олар 2 шақырым ара қашықтықты сақтап, бір бағытта жүріп отырады. Әр экипаж көзге шалынған жануарларды санаққа алады. Ұлттық парктің аумағы санаққа қолайлы. Тұяқтылар мекендейтін аумақтың бір жағын тау болса, екінші жағын Іле өзені ағып жатыр. Санақшылар парктің шығсынан кіріп, батысына дейін жүріп өтеді. Олар 307 мың гектарды екі күнде сүзіп өтеді екен. Қорықта еліміздің символына айналған Қар барысы көбейген.

"Зоология инстутуты біздің қорықта 13 ілбіс бар деп мәлімет берді. Былтыр 4 барысқа қарғыбау кигіздік. Олардың жүріс-тұрысын бақылап отырамыз. Бір барысымыз Жоңғар Алатауына кетіп қалды. Қазір сонда мекендеп жатыр", - дейді "Алтын-Емел" ұлттық паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев. 

Жабайы жануарларды санаудан бөлек оны қорғау мәселесі де маңызды. Қызыл кітапқа енген аңдарды қорғаумен "Охотзоопром" мекемесі де айналысады. Парк аумағында заңсыз аң аулау әрекеті тиылар емес. Былтыр  91 аңшы ұсталып, 61 іс сотқа жолданды. Олар 48 ақбөкен, 32 қарақұйрық пен 3 бас арқарды атқан.

"Біздің мақсат –жануарларды қорғау. Өсімін қамтамасыз ету. Республика бойынша 6 филиал жұмыс істейді. Құлан мен қар барысын аулауға тиым салынған. Жабай аң заңмен қорғалады. Бізге жабайы аң емес, аңшылар қауіптірек", - дейді "Охотзопром" мекемесінің маманы Дидар Оспанов.

Жалпы санақ нәтижесі бойынша ұлттық парктегі  құлан саны 123 басқа, қарақұйрықта 100 басқа көбейген.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz