Қызметкерді қандай жағдайда арнайы баппен жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін?

Кейде жұмыс орнында қызметкер саны қысқартылып, адамдар табысынан айрылып жатады. Еліміздің заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді белгілі бір себептермен жұмыстан босата алады. Алайда бұл кез келген уақытта қызметіңізден босатыласыз деген сөз емес. Сондықтан еңбек шартында белгіленген негіздерді біліп жүргеніңіз абзал. Осыған байланысты адвокат Альбина Бахтиярқызы Massaget.kz тілшісіне қызметкер қандай кезде арнайы баппен жұмыстан шығарылуы мүмкін екенін айтып берді.

ҚР Еңбек кодексінің 52 бабы бойынша, жұмыс беруші еңбек шартын мына негіздерге сүйеніп бұза алады:

  • қызметкер бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз 3 немесе одан да көп сағат бойы жұмыс орнында болмаса;
  • сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі теріс болса;
  • қызметкер ҚР заңнамасында белгіленген кәсіптік қызметке қойылатын талаптарға сай болмаса;
  • қызметкер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланса;
  • заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған, қызметкер жұмыс орнында бөтен мүлікті ұрлаған (оның ішінде ұсақ ұрлық), оны қасақана жойған немесе бүлдірген;
  • тәртіптік жазасы бар қызметкер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған;
  • қызметкер жұмыс берушіге белгісіз себептер бойынша бір айдан астам уақыт жұмыста болмаса;
  • жұмыскер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жұмыс беруші өз бастамасымен еңбек шартын бұза алады.

Яғни, егер қызметкердің жұмыстан шығып қалу себебі осы негіздің біріне сай келетін болса, еңбек шарты заңды түрде бұзылған. 

Фото: pixabay.com

Сонымен қатар, Альбина Бахтиярқызы қызметкерге айыппұл салу заңға қайшы әрекет екенін жеткізді.

"Қызметкерге айыппұл салу заңсыз, себебі Еңбек кодексінің 64 бабына сәйкес, тәртіптік жазалар қарастырылған. Ал осы Кодексте және ҚР өзге де заңдарында көзделмеген тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді", - деді адвокат.

Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған жағдайда жұмыс беруші немесе ұлттық басқарушы холдингтің бірінші басшысы ҚР заңдарында көзделген жағдайда қолдануға құқылы тәртіптік жаза түрлері:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады.

Адвокаттың айтуынша, қызметкердің белгілі бір себепсіз, кенеттен қызметінен айрылуы - заңсыз. Еңбек шартының бұзылуының бірнеше негізгі жолы бар. Олар:

  • Қызметкер өз еркімен;
  • жұмыс берушінің бастамасы бойынша;
  • тараптардың келісімі бойынша;
  • еңбек шартының мерзімі аяқталса;
  • тараптардың еркінен тыс мән-жай болса;
  • еңбек шартында белгіленген талаптар бұзылса.

"Еңбек шартын бұзуға ниетті тараптың міндетті түрде себебі, дәлелі болуы шарт. Егер қызметкер өз еркімен жұмыстан кетемін деп шешсе, жұмыс берушіні 1 ай бұрын жазбаша хабардар етуі керек. Ал жұмыс беруші қызметкерді белгілі бір себептермен қызметінен босатқысы келсе, оның да өзіндік ерекшеліктері бар", - деді білікті маман.

Мысалы:

  • Қызметкер санын қысқарту керек болса, жұмыс беруші оған 1 ай бұрын ескертуі тиіс;
  • қызметкер жұмыс орнында себепсіз 1 ай болмаса, жұмыс беруші қызметкерге жұмыста болмағаны туралы актіні табыстау хатын пошта арқылы жіберген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде қызметкер себебін түсіндірмесе, еңбек шарты бұзылады. 
  • қызметкер жұмыс орнында ішімдік ішсе, тиісті тексеріс қорытындысы шыққан кезде ғана еңбек шарты бұзылады.

Айта кетейік, бұған дейін ауырған жағдайда жұмыстан босатылу туралы қанша күнге анықтама алуға болатыны хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Ораза – 2024. Мұрынға дәрі тамызса, ораза бұзыла ма?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!