"Қызметкер үшін барлық жағдай жасалған". АҚШ-тағы әйгілі компанияда жұмыс істейтін қазақ қызы қызметі туралы айтты

"Қызметкер үшін барлық жағдай жасалған". АҚШ-тағы әйгілі компанияда жұмыс істейтін қазақ қызы қызметі туралы айтты
Фото: Жеке мұрағаттан

27 жастағы Арай Сабыржан бүгінгі таңда "Кремний Алқабындағы" Google корпорациясында software engineer болып жұмыс істейді. Әлемге әйгілі компанияда жұмыс істейтін қазақ қызымен  Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Сан-Францискода тәжірбиеден өттім"

Арай Сабыржан Халықаралық ІТ университетінде (МУИТ) бағдарламалаушы мамандығын бітірген. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Arai (@araisabyrzhan)

"Мен беске толғанда ата-анам Жаркенттен Алматыға көшіп келді. Ата-анам  білім алуыма барынша жағдай жасады. 11-сыныпты Алматыдағы №39 физика-математика лицейінде бітірдім. Математика біздің үйде ең маңызды сабақ болып есептелетін. Мектептен кейін көп адамнан "қыздардың қолынан "бағдарламалау" келмейді" дегенді жиі естіп, қатты намыстандым. Содан бағымды сынап, сәтін салғанда  Халықаралық ІТ университетіне оқуға түстім. 2017 жылы "Computer Science and Software Engineering" факультетінде оқуды бастап, бағдарламалау саласын сәтті меңгеріп шықтым", - деді ол.

Ол университетте оқып жүргенде тәжірибе жинақтау үшін, жұмыс іздей бастаған.

"Алдымен  компания мен ЖОО сайттарын, платформаларын жасаудан бастадым. Кейін Ш. Есенов атындағы қордың шетелде тәжірибе алмасу бағдарламасын тауып, сонда тапсырдым. Іріктеу кезеңінің барлық сатыларынан өткен соң, бағдарлама бойынша АҚШ-тағы стартаптарды тауып, оларға тәжірибе алмасу бойынша хат жаздым. Жүздеген хатқа небары бес стартаптан жауап келген шығар. Барлық сынақтан сәтті өтіп, 2018 жылы Сан-Франциско қаласындағы "Amplify Life" атты стартап компаниясында жарты жыл тағылымдамадан өттім. Бұл компанияның мақсаты – Facebook-тағы messenger-де chatbot арқылы түрлі шаралар мен концерттерге билет сату болды. Сол кезде "Bay Area" аумағындағы ("Кремний алқабы") ірі технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген отандастарымыз бізге ғимараттардың ішін таныстырып, аралатты. Тур барысында әлемнің әр жерінен келген мамандар қалай жұмыс істейтінін көріп, шабыттанып, биік мақсатқа қол жеткізуге болатынына көз жеткіздім", - деді Арай Сабыржан.

"Дайын не дайын емес екенімді білмедім"

Арай жарты жылдан соң елге қайтып оралған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Arai (@araisabyrzhan)

"Сол кезден бастап Google-да жұмыс істеу мақсатқа айналды. Жарты жылдан кейін тәжірибелік визамның уақыты біткен соң елге оралдым. Бірақ өзім тағылымдамадан өткен компанияға менің жұмысым ұнағандықтан, Қазақстанда отырып Америкадағы стартапта қашықтан жұмыс істедім. Бір жылдан соң тұрмысқа шығып, Америкаға күйеуімнің шақыртумен екінші рет келдім. Бірақ, жұмысымды ауыстырып, VEDOM стартапында бэкенд әзірлеуші болып істедім", - деді ол.

Оның айтуынша, АҚШ-қа келген соң мақсатына жету үшін бірден дайындыққа кіріскен.

"Дайындықты ең алдымен, LinkedIn-дегі парақшамды қолға алдым. Себебі топ компаниялардың рекрутерлері әрбір резюмеге жеке-жеке мән беріп отырмайды. Олар LinkedIn-ге белгілі бір кілт сөздерді тереді де сол іздеуден шыққан түйіндемелерді ғана қарап шығады. Солай LinkedIn-дегі профиліме кілт сөздерді енгізіп, өзгерту жасап едім. Біраз уақыттан кейін Google рекрутер өзі маған жазды. "Сіз мыналарды біледі екенсіз, сөйлесіп көрейік", - деді. Келіскеніммен дайын немесе дайын емес екенімді білмедім. Сонда да бағымды сынап көргім келді. Негізі жұмыс іздеп жүрсеңіз, LinkedIn-дегі профиліңізді "Мен мүмкіндіктерге ашықпын" немесе жұмысыңыз бар болса "Мені ешкім мазаламасын" деп өзгертіп қоясыз. Содан кейін білетін салаңызды үтір-нүктесіне дейін сипаттап, қажет керек сөздерді жазасыз. Қандай жұмыс істедің, нақты не атқардың, керек сілтемелері болса, соны да қойып қоюға болады. Себебі кез келген адам LinkedIn-дегі парақшаңызға кіріп қалғанда, екінші резюмеңіз сияқты көрінетіндей толтырып қою керек", - деді Арай.

"Google менен бас тартты, бірақ..."

Арай алғашқы сұхбаттасуда берілген есепті шығара алмаған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Arai (@araisabyrzhan)

"Әңгімелесудің алғашқы сұхбаты телефонмен өтті. Ол жерде берілген есепті шығарып, әрі қалай орындағаныңды түсіндіруің керек. Сұхбат маған қиын болды, есептерді шығара алмадым. Сол кезде әлі дайын емес екенімді түсіндім. Есеп шығарудан, өзімді жақсы көрсетуден, резюмем бәрі әлсіздеу еді. Сәйкесінше Google менің кандиратурамнан бас тартты. Бұл кәдімгідей жүрегіме ауыр тиді. Бірақ көздеген мақсатымнан қайтпай, тек алға жүремін деп шештім. Осы орайда жолдасым өте қатты қолдады. Ол мені жігерлендіріп, дайындығымды әрі қарай жалғастыруға көмектесті. Сол себепті оған көп алғыс айтқым келеді.

Google менен бас тартқанымен еңсемді қайта тіктеп, стартап компанияда әрі қарай да жұмыс істеп тәжірибе жинақтадым", - деді ол.

Ол дайындықты қайтадан есеп шығарудан бастаған.

"Leetcode.com деген сайттан есептер шығардым. Бұған қоса, Cracking the Coding Interview деген қалың кітап бар. Сол еңбекті оқып, литкодты ашып, біртіндеп есептерді шығарып бастадым. Басында өте қиын болды. Бір есепке бір күн, кейде тіпті 2 күн кетті. Негізі 15 минутта шығаратын есептер ғой. Осылай шамамен бір жылдай дайындалдым. Арасында тек есептер емес, архитектураның негізгі программаларының базасын да түсіну керек, соны да оқыдым. Шамамен бір жыл дайындықтан соң сенім де пайда болды. Сосын резюмемді қайта дұрыстадым да, рекрутерлерге өзім жаза бастадым. Хатта өзім жайлы айтып бастап, қолымнан не келетінін, қандай жұмысты істеуге дайын екенімді және мықты тұстарымды толыққанды ұсындым. Солай рекрутердің көңілінен шықтым, ол менімен интервьюді бекітті, - деді Арай.

"100 пайыз сенімді болдым деп айта алмаймын"

Сұхбаттасу 2 айдан соң болған.

"Сенімен танысып, сұхбаттасу мерзімін белгілегенше біраз уақыт өтеді. Сұхбаттасуды арада 1-2 ай өткен соң жасадық. Ең соңғы сұхбат наурыздың соңында болды. Ал Google-дан жұмысқа тұру жайында жауапты сәуір-мамыр аралығында алдым. Бірақ сол жауап келгенше өзіме 100 пайыз сенімді болдым деп айта алмаймын. Қолымнан келе ме жоқ па білмедім. Бірақ қатты дайындалған болуым керек, еңбегім ақталды, жолым болып, интервьюден сәтті өттім", - деді ол.

Арай жұмысқа 2021 жылдың қыркүйегінде орналасқан.

"Негізі Google-ға жұмысқа аларда шамамен 10-ға жуық сұхбат болады. Сұхбаттасудан соң әрбір интервьюер сен жайлы пікірін жазып тапсырады. Кейін сол пікірлерді комиссия қарайды. Комиссия түрің, жынысың, жасың жайлы ештеңе білмейді. Тек берілген пікірлерге қарап шешім қабылдайды. Software engineer деген — қарапайым тілмен айтсақ, бағдарламалаушының нағыз өзі. C++ бағдарламалау тілінде код жазып тапсырмаларды орындаймын. Бізде бір командада менеджер болады. Сол менеджер әр аптаның басында әр қызметкермен сөйлесіп, "Алдыңғы тапсырманы қалай орындадың, келесі тапсырмаға дайынсың ба?" деп қабілеті мен деңгейіне қарай жұмыс береді. Бағдарламалаушылардың junior, middle, senior деген дәрежелері бар. Менеджер жұмыс берер кезде соны ескереді.  Командамда 20 шақты бағдарламалаушы мен екі менеджер бар", - деді ол.

"Не үшін Google-ды таңдадым?"

Арайдың айтуынша, Google-дың жұмыс істеу саясаты басқаша.

 "Жұмысқа тапсырар кезде Google-ға ғана емес, Amazon-ға да жібердім. Бірақ Google-ды таңдадым. Себебі Google-дың артықшылығы мәдениеті деп айтар едім. Бұл жерде blind деген әлеуметтік желі бар. Онда сол ірі ІТ-компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер өзара жасырын түрде оқиғаларын бөліседі. Соны оқығаннан кейін айырмашылық бар екенін түсінесің. Маған ұнайтын тұстарының бірі — мұнда жұмыс істеу балансы бар. Google-дың қағидасы қызметкер тапсырманы орындап үлгеруі керек әрі шаршамауы да қажет. Жеке өмірі мен спортқа, денсаулығына уақыт бөле алуы керек дегенді алға қояды. Бұдан басқа мұнда барлық нәрсе ашық, ешқандай құпия жоқ. Кез келген қызметкердің қашан қай уақытта, қандай тапсырманы орындаған нәтижесін оңай көруге болады. Өзіме осы саясаты ұнайды", - деді ол.

Бұдан басқа да қызметкердің демалуы үшін бірнеше жағдай жасалған.

"Компанияда жұмыс істеп бастағаннан соң бұған дейін естігеннің бәрі шын екеніне көзім жетті. Үш уақыт тегін тамақ береді. Не ішкің келеді, қандай тағамды қалайсың бәрі бар. Барлық жағынан қолдайды. Мысалы, отырғаннан арқаң ауырып қалса, массажистке баруға болады. Киіміңнің бір жері кір болып қалды ма, laundry бөлмесіне барып, жуып, үтіктеп алуға жағдай жасалған. Бұған қоса жуыну бөлмесі, жаттығу залы, спорт, не нәрсеге қызықсаң, сонымен айналысуға да мүмкіндік бар. Тіпті велосипедпен жүрсін деп айына 60 рет айдаған адамға қосымша сыйақы ақша да береді. Басында осының бәріне өте қатты қуанып ерекше көңілмен жұмысқа кірістім. Ал қазір үйрендім. Бір сөзбен айтқанда, арманымдағы мекен дер едім", - деді Арай.

"Қазақстанда қашан қайтатынымды білмеймін"

Арайдың айтуынша, компанияда жұмыстан сұрану мәселесі жоқ.

 "Бізде қатып қалған жұмыс уақыты жоқ. Өз ыңғайымызға қарай, ұйқымызды қандырып барамыз. Дәрігерге, анда-мында баратын едім деп те сұранбаймыз. Менің бөлімімде ең бастысы онлайн кездесулерге кешікпей келу керек деген талап бар. Соны сақтаймын.

Егер жұмысқа келгенде ноутбугіңізді немесе кез келген жұмысқа керек затты ұмытып кетсеңіз, оны да өздері береді. Мұның бәрі адамның миын тынықтырып, жақсы жұмыс істесін деген оймен жасалады. Одан бөлек офисте табылмайтын, жұмысқа қатысты қосымша курстар болса, компания сол курсты толықтай немесе жартылай төлеп беруге дайын", - деді ол.

Ол елге оралғысы келгенімен, нақты уақыты қашан екенін білмейді.

"Қазақстанға қайту әрқашан ойымда бар, бірақ нақты қашан екенін айта алмаймын. Себебі, келешекте өз еліме қолымнан келгенше көмек беру үшін, алдымен, әлемдік дәрежеде тәжірибе жинауым керек. Қазір DNK қауымының мүшелерімен жиналып, Қазақстан мектептерінде онлайн негізде дәріс өткізіп жүрміз. Сондай-ақ, техникалық кітаптарды қазақ тіліне аударып жатырмыз. Келешекте бұл тұрғыда жақсы жаңалықтар еститін боласыздар деген сенімдемін. Қазақстандағы барлық мектептерді қамтығымыз келеді. Осылайша балалардың оқуға деген ынтасын арттырсақ деп ойлаймын", - деді Арай.
 

"АҚШ-тағы өмірге тез үйреніп кеттім"

Оның айтуынша, Америкада, соның ішінде "Кремний Алқабында" тұру өзгеше әсер етеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Arai (@araisabyrzhan)

"Кремний Алқабы" бүкіл Америкадан ерекшеленеді. Мұнда көптеген талантты, ақылды, табысты адамдар тұрады. Оларды белгілі бір аймақтарда және компания кеңселерінде табуға болады. Бұл жерде тұрып, демалуға болмайды. Айналаңызда әрқашан көп нәрсеге қол жеткізген адамдар болғандықтан, сіз де соған ұмтыласыз. Ал тамақтану орындарына келсек, түрлі асхана бар. Үнді, пәкістан, корей, вьетнам, орыс, өзбек тағамдарын кездестіруге болады. Біз әртүрлі жерлерге барып, жаңа нәрселерді үнемі байқап көреміз", - деді Арай.

Арай алғашында келгенде бірнеше кедергілерге тап болған.

"Көшіп келгенде тілдік кедергіге тап болдым. Курстан үйренген ағылшын тілін өмірде қолдану басқаша. Бастапқыда жергілікті диалектіге, әртүрлі екпінге үйрену қиын болды. Адамдардың не айтқысы келгенін түсінбедім. Бұдан кейін мәдени айырмашылықтарға қосылу қиын болды. Яғни, жергілікті адамдармен қалай сөйлесу керек, қандай тіркестерді қолдану керектігін араласқаннан соң түсінесіз. Жалпы ортаға тез бейімделу үшін әртүрлі тегін тренингтік кездесулерге қатыстым. Мұндай шараларда тіл үйретеді, жергілікті мәдениет ережелерін түсіндіреді. Соның арқасында АҚШ-тағы өмірге тез үйреніп кеттім", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін "Қазақстанға қайтып, елге қызмет еткім келеді". АҚШ-тың алып компаниясында жұмыс істеп жүрген қазақ жігіті туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Көз неге қарауытып кетеді?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы