Ішкі істер министрлігі Шерзат Болаттың ісі бойынша күдіктілерге қатысты видеодан кейін кінәлілер жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ІІМ Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында болған жағдайға пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, кінәлілер жұмыстан қуылып, бақылау күшейген.
"Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынағы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеріс жүргізілді. Видеоны УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, түсіргені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды. Сонымен қатар, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған хабарламада.
Министрліктің ресми ақпараты бойынша қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылған. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылған.
"ІІМ мұндай заңбұзушылықтарға қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді. Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерістер басталды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, жуырда Шерзат Болаттың ісі бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап отырған видео желіде қызу талқыға түсті.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Арада біраз уақыт өткенде Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз