• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Қызмет бабында қаза тапқан полицейді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Қызмет бабында қаза тапқан полицейді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Жамбылдықтар Қордай ауданында республикалық маңызы бар тасжолда қызметтік міндетін атқару кезінде жол апаты салдарынан қаза тапқан полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпірді ақтық сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаназаға марқұмның отбасы, ағайын-туыстарымен қатар Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, қызметте бірге болған әріптестері мен достары қатысты.

Абай Үшкемпір қайтыс болғаннан кейін ҚР ІІМ-нің "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды. Қоштасу жиынында медаль марқұмның ата-анасына табысталды.

Полиция қызметкерінің жаназасы өз туған жері Айша бибі ауылында өткізілді.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жол апатынан полицей қаза тапқаны хабарланды.

Қайғылы оқиға 11 ақпанда сағат 19:40-та Алматы-Ташкент тасжолының 203-шақырымында болған. Volkswagen Passat маркалы көліктің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік көлікпен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы 12 ақпанда аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget