Көкшетау қаласының 52 жастағы тұрғыны мас күйінде әйелін өлтірген. Қылмыс 2022 жылдың ақпанында Көкшетау қаласында болған. Тексеріс нәтижесінде қанды қылмысқа қызғаныш себеп болғаны анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Екі баланың анасы белгісіз адаммен телефонмен сөйлесіп жатқанда қызғаншақ күйеу әйелдің іш аймағына пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттан әйел оқиға орнында көз жұмды. Қаскүнем қылмысын мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сонымен қатар, күдіктінің кінәсі сот сараптамасының көмегімен дәлелденді.
Қазіргі уақытта айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияға тоғыз жылға бас бостандығынан айырылып, қамалды. Бұдан басқа, ол зардап шеккен тарапқа бес миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын төлеуге тиіс болады", - делінген хабарламада.