Қызғалдақ дауы: ауыл әкіміне айыппұл салынуы мүмкін

Қызғалдақ дауы: ауыл әкіміне айыппұл салынуы мүмкін
Фото: instagram.com/problema.aktobe

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаева әлеуметтік желіде қызғалдақ ұстап түскен суретін жариялағаннан кейін әкімшілік жазаға тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, нәтижесінде құқық қорғау органдары тексеріс жүргізген.

Әкімнің айтуынша, гүлдерді оған табиғат аясында демалып жүрген кезде кәмелетке толмаған қыздары сыйға тартқан. Алайда бұл әрекет заңбұзушылық ретінде бағаланып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 127-бабы бойынша – «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және асырау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, жағдай мемлекеттік қызметкердің этикасына қатысты мәселе ретінде қаралуы үшін аудандық әкімдікке ұсыныс жолданды.

Айта кетейік, бұл бап бойынша 10-нан 15 айлық есептік көрсеткішке дейін (39 320 – 58 980 теңге) айыппұл салынуы немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget