Астанада банк қызметкерлерін кепілге алған ер адамға қатысты жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, ер адам бір қызметкердің басына тапанша тақап тұр.
"Kaspi.kz ғимаратының айналасын әскерилер мен полицейлер толығымен қоршауға алды. Қылмыскер - 1993 жылы туған А. есімді ер адам. Ол кепілге алынған қыздың басына тапанша тақап тұр, бұл жағдайды қиындатып тұр. Қылмыскер полицияның оқ өтпейтін жилетін киген болуы керек", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, кейбір дереккөздер оның 2013 жылдан бері есірткі бойынша есепте тұрғанын, екі рет түрлі қылмыстық істер бойынша күдікті ретінде танылғанын жазды.
Желіде қызметкер басына тапанша тақап тұрған ер адамның суреті тарады. Болжам бойынша, қылмыскер суреттегі адам болуы мүмкін.
Еске салайық, Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше тұрғынды кепілге алған. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында келушілер жоқ.
"Қазір филиалда тек банк қызметкерлері ғана, филиалда келушілер жоқ. Тәртіп сақшылары қызметкерлерді қорқытқан ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге бағытталды. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауыңызды және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуіңізді сұраймыз. Кез келген жалған ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!