Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда қызу талқыланып жатқан Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сезіммен әңгімем шошытты. Қоғамда қызу талқыға салынып, ашық түрде өтіп жатқан марқұм Салтанаттың соты ешкімді де айналып өтпеді. Тіпті, жасөспірім қыздарымыз да қарап отыр. "Анашым, неге сот әділетсіз өтіп жатыр? Қорғаушы тараптың қойып жатқан сұрақтары неге соншалықты сауатсыз?" деді. Жүрегім зырқ ете қалды. Ана ретінде қыздарымның болашағына алаңдаймын. Рас, әділ шешім шықпаса, болашақ қауіпті", - деп жазған ол.
Сондай-ақ, өнер иесі су тасқыны мәселесіне тоқталды.
"Одан бөлек, елді жайлап жатқан су тасқыны да есеңгіретіп жіберді. Қаланы да, даланы да су алды. Жұрттың мазасы кетіп, мал қырылды, жолдарды шайып кетті. Қызыл судың қауіпін алдын ала болжап білмедік пе? Қам неге ертерек жасалмады? Бұл тасқыннан кейін біраз әкім жылы орнын суытатын сияқты. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл туралы ескертті. Жіті тексерістер болатындығын түйреп өтті. Ал Президент жоғары шенділердің бірнешеуіне сөгіс жариялады. Табиғи апат айтып келмейді дейін десең, бұл жағдай біраз аудандарда жыл сайын қайталанады. Ауылдарды жайратып салғаннан кейінгі әрекеттің кімге керегі бар деген сұрақ жалғыз менде емес шығар?! Әлеуметтік желіні қорқып ашатын болдым. Өткен аптадағы өлтірілген қыз, өгей әкесімен зорланған егіздер жүректі сыздатты. Осының барлығы сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамда орын алып жатыр дегенге сене алар емеспін", - деп жазған ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!