Қыздарға қауіпті ауруға қарсы вакцина салынады

Қыздарға қауіпті ауруға қарсы вакцина салынады
Фото: depositphotos.com

2024 жылы қыздарға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе салу үшін бюджеттен 9 миллиард теңгеге вакцина алу қарастырылған. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитария дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әлемде адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны шығаратын 4 өндіруші бар. Оның 2 өндірушісі екі валентті вакцина өндіреді. Бұл адам папиллома вирусының 2 түрінен қорғайды. Екпені өндіретін елдің бірі - АҚШ. Олар вакцинаның 2 түрін шығарады: 4 валентті және 9 валентті. Сондықтан бүгін қандай вакцина сатып алатынымызды анықтаймыз. Ол 4 валентті және 9 валентті болуы мүмкін. Жалпы 9 валентті екпе өте тапшы және оны сатып алу өте қиын", - деді бас санитария дәрігері Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Айжан Есмағамбетова биыл балаларды қауіпті аурулардан қорғау үшін 9 миллиард теңгеге адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина сатып алынатынын мәлімдеді.

"Биыл адам папиллома вирусына қарсы вакцина сатып алу үшін шамамен 9 миллиард қарастырылған. 175 мың (11 жастағы - еск.) қызға 2 вакцина салынады. Демек екпенің 350 мың дозасын сатып аламыз. Алайда бұл вакцина тек осы бағаға (9 миллиард теңгеге - еск.) сатып алынады деп айтуға болмайды. Себебі вакцинаның бағасы біздің ережемізге сәйкес анықталады. Бұл бағаға тендер жарияланады. Сұранысқа байланысты баға не төмендеуі не керісінше (көтерілуі - еск.) мүмкін", - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, АПВ - әлемдегі ең көп тараған вирус. Бүгінде зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Ең қауіпті түрі - 16 және 18-типтегі вирус. Мұндай онкогенді вирустар жатыр мойны мен вульвада, ер адамның жыныс мүшесі мен шырышты қабаты бар басқа да органдарында обыр ауруын туғызады.

UNFPA Қазақстан дерегінше, АПВ-ны жұқтыру оңай. Сондықтан адамдардың 80 пайызы өмірінде бір рет болса да осы вирусты жұқтырады. Жұқтырғаннан кейін вирус ағзада ұзақ уақыт тіршілік ете алады. Бірақ бұл адам ауырады дегенді білдірмейді. Өзінде вирус бар екені туралы білмеуің де мүмкін. Егер адамның иммунитеті жақсы болса, ауру белгілері болмауы мүмкін.

Көп жағдайда адамның қорғаныс жүйесі вирусты бірнеше ай немесе бірнеше жылдың ішінде жойып жібере алады. Бірақ кейде вирус адам ағзасына еніп, сансыз еселенуі мүмкін. Сол кезде қатерлі ісік немесе обыр тәрізді қауіпті аурулар пайда болады.

Сондай-ақ, ауру көбіне жыныстық жолмен жұғады.

АПВ-дан қорғанудың жалғыз жолы - вакцина алу. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz