Қыз жасауы - ата-ананың перзенті алдындағы міндеттерінің бірі. Бірі қыз жасауын туғанынан жинаса, енді бірі той болар қарсаңда жақын туыстарымен бірігіп жинайды. Қыздың жасауына шашылып жататындар да жоқ емес. Massaget.kz тілшісі ертедегі және заманауи қыз жасауының ерекшеліктерін анықтады.
Ертеде жасауға дайындықты қыздың кішкентай кезінен бастаған. Жасауды апарар алдында тыңғылықты дайындық жасалған. Қыз жасауы әулеттің жағдайына қарай әртүрлі болған. Бұрындары жасауда қыздың көрпе-жастығы, киімі, ыдыс-аяғынан бөлек, тон, ішік, шапан, камзол салынатын болған. Жасаудың мөлшері екі жақтың келісімі арқылы әртүрлі және жігіт жағынан берілетін қалыңмалға пара-пар болған.
Жасау апарудағы мақсат не?
Этнограф Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, қыздың артынан жасау апарудың мақсаты - ата-ананың баласы алдындағы парызын орындау болған.
"Жасау апарғаннан кейін ата-аналар "бір қарызымыздан құтылдық" деп айтады. Ертеде ауқатты адамдар киіз үй, отауын тігіп берген. Сонымен қатар, қыз бала қолданатын барлық затын берген: киім-кешегі, төсек-орны, көрпе-жастығы, кебеже сандығы. Соның бәрін қыздың анасы, жеңгесі және өзі қолымен жасаған. Бұл ол кездегі заттардың құндылығы, ананың көзі, анамның қолының табы, анамның көзінің нұры деп қыз бала келген заттарымен мақтанып отыратын. Себебі ол қолмен жасалған өлшеусіз, бағалы зат. Сондықтан қаншама жыл, 70-ке келсе де "менің төркінімнен келген" деп мақтанып отырған", - дейді этнограф.
Қыз жасауына не салуға болмайды?
Жалпы, жасауға кіретін негізгі заттар ішінде тоғыз көрпе: алты жамылғы және үш төр көрпе бар. Оның ішінде, біреуі жастарға арналған махаббат көрпесі, тағы бір төр көрпе - құдағи көрпесі. Одан бөлек, төсек-орны, сандығы, көрпе тыстары, жастығы, кілемі, орамалдары, ыдыс-аяғы бар. Бұл, әрине, жалпылама тізім. Бүгінде бұл тізімге түрлі тұрмыстық техника қосылған.
Беріп жатқан заттардың ішінде суық қару, адамның көңіліне кірбің түсіретін заттарды бермейді. Мысалы пышақ, қайшы, балта деген сияқты ер адам қолданатын заттарды қыздың жасауына қоспайды. Одан бөлек, қыздың жасауына қазан салмайды. Қазақ халқы қазанда ырыс пен береке бар деп сенген.
"Қазіргі замандағы қыздың жасауында өте асыра сілтеушілік бар. Бірақ бұл жалғасып келе жатқан дәстүр, қыздың жасауын беру керек. Бірақ бәрін қазір дүкеннен алып барады. Дүкеннен алынған дүние көпке шыдамайды ғой. Қолдан шыққандай анасының көзінің нұры, қолының табы емес, көп адам сатып алатын, қолжетімді дүниеден береді. Асыра сілтеушілік өте көп. Бір адамға қаншама киім береді. Адамның өмірі сол киімнің бәрін киюге жете ме? Сондықтан құнды, сапалы, бір ғана түрінен берген ғой. Тон берсе бір тон, бір аяқкиім деген секілді ғана зат берген. Ал қазіргі кезде өте көп ыдыс-аяқ береді, өте көп зат береді, өте көп киім береді - бұл дұрыс емес. Ысырап, мақтаншақ болмау керек. Тек қарапайым, қызы өзі күнделікті тұтынатын заттарды беруі дұрыс деп ойлаймын", - дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Жасау апарудағы әр өңірдің өз ерекшелігі бар
Этнографтың сөзінше, әр өңірдің қызға беретін ерекшелігі көп. Қазақстан аймағында оңтүстік жақта, батыс аймақта затты өте көп береді.
"Ал шығыс, Өскемен, Семей жақта қызға жасау берудің өзі жоқтың қасы. Кішкентай киімін, көрпе-жастығын беріп қана қоятын ата-аналар бар. Көп жерде бір үйдің жиһазын береді, қаншама төсек-орнын береді. Өзінің жағдайына сай беретін шығар. Бірақ бәрі кішкене көңілге томпақ келеді", - дейді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!