- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қыз жасауын қайтарып...
Қыз жасауын қайтарып алуға бола ма?
Қазақ ежелден салт-дәстүрге бай халық, соның ішінде екі жас отау құрып, үйленгенде жасалынатын жора-жоралғы көп. Кейде қалыңмал мен қыз жасауына қыруар қаржы жұмсалады. Бірақ, ерлі-зайыптының мінезі сәйкес келмей, ажырасуға шешім қабылдаса ше? Қыз жасауын қайтарып алуға бола ма? Бұл сұраққа "Әділет заң орталығының" заңгері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әрине, әр ата-ана өз қызы тұрмыс құрғанда, қыз жасауын мүмкіндігінше жоғары деңгейде алып баруға тырысады. Бірақ, өкінішке қарай, қазір ажырасу көбейіп кетті. Екі жас ұрысып қалса, қыз сөмкесіне киімдерін жинап, ата-анасының үйіне кетіп қалады. Неке бұзылғанда, күйеу бұрынғы жұбайының артынан келген дүниені қайтарудан бас тартып жатады. Бұл дұрыс емес. Қыз жасауы әркімнің өзіне тиісті дүние, оны сот арқылы талап етуге болады", - дейді заңгер.
Дегенмен қалыңмал мен қыз жасауы ажырасқаннан кейін бөлінетін мүліктің бөлігі емес екенін ұмытпаған жөн.
Маманның айтуынша, қыз жасауын сот арқылы қайтаруға болады, бірақ мұны істеу өте қиын. Себебі азаматтық заң бойынша кез келген затты қайтару үшін оған тиісті құжат болуы қажет. Мысалы, ақша болса, қолхат болуы керек. Әдетте қазақтар қалыңмал мен қыз жасауына ешқандай қолхат жасамайды. Сондықтан заңды түрде ресімделген құжатыңыз болмаса, мүлікті қайтару тараптардың ізгі ниетіне ғана байланысты.
Қыз жасауын қайтарып алудың жалғыз жолы - неке шартын жасау, алайда Қазақстанда заңды құжаттың бұл түрі танымал емес.
Айта кетейік, статистика бойынша ажырасу саны жылдан жылға артып келеді. Некесі бұзылатындар арасында жастар ғана емес, 50-60 жастағы аға буын өкілдері де бар. Көбінесе ажырасу процесі жанжалмен, ұзақ сот процесімен ғана шешіледі екен.
Еске салайық, бұған дейін ажырасқаннан кейін қалыңмалды қалай қайтарып алуға болатыны туралы хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Диабетиктерге не жеуге болмайды?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә