Танымал қазақстандық актер Тәуекел Мүслім Америкада гендер-пати өткізіп, үшінші сәбиінің жынысын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, гендер-патидің видеосын жариялады.
Өнер иесінің айтуынша, үшінші сәбиі де ұл болатыны белгілі болыпты.
"Аллаға сансыз шүкірліктер болсын. Үш бар жерде күш бар, бізде үшінші батыр болады. Алақай!", - деп қуанышын бөлісті ол.
Жақында отбасымен Лос-Анджелеске аттанған актер қызды болғысы келетінін жасырмады. Желі қолданушылары өнер иесін қуанышымен құттықтап, жақсы тілек жазып жатқанда актер әзілмен жауап берді.
"Қыз болмағанша тоқтамаймыз (қалжың), сәл үзілістен кейін тағы ұмтылып көреміз", - деп жазды Тәуекел Мүслім.
Еске салайық, Тәуекел Мүслім әйелі Махаббатпен бірге танымал тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында жақында үшінші сәбиі өмірге келетінін алғаш рет айтқан болатын.
Айта кетейік, Тәуекел Мүслім - қазақстандық актер әрі тележүргізуші. Ол "Махаббатым жүрегімде" телехикаясы арқылы танымал болды. Өнер иесі "Анамды іздеймін", "Барлығы еркектердің кесірінен", "Қазақ аруы", "Махаббат. Үміт. Астана" фильмдеріне түсті.
Тәуекел Мүслім 2019 жылы жары Махаббат Түктібаеваға сырға салып, үйленді. Алайда үлкен той да, ұзату тойы да болмаған. Махаббат - Қарағанды өңірінің тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде білім алған. Қазір Тәуекелдің жары Махаббат Instagram-ды белсенді жүргізетін блогер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!