Қытайлық «Цинхуа» (China Kingho Energy Group) корпорациясы Қарағанды облысында көмірді өңдеу және одан синтетикалық сұйық жанар-жағармай алатын өнеркәсіптік кәсіпорын құрады, - деп жазды inform.kz.
Бұл туралы қазақстандық журналистерге аталған корпорацияның басқарма төрағасы Хо Цинхуа хабарлады. «Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және министрлермен кездестік. Кездесуде қысқаша көмірді кешенді түрде өңдеу бойынша жоба туралы баяндадым. Аталған жобаны жүзеге асыру Қазақстанды индустрияландыруда маңызды роль атқарып, экономикалық өсімді ынталандырады және ҚР-да жаңа жұмыс орындарын ашады», - деді ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Дяоюйтай» ҚХР мемлекеттік резиденциясында өткен кездесуден кейін.
Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық қоржын құны 2,6 млрд. долларға бағаланды. Жоба екі ел халқы арасындағы достықтың жарқын белгісі болмақ. Оны 2017-2020 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
«Цинхуа» корпорациясы ҚХР-дағы көмірді кокстау және көмірден химия заттар өндіру, байыту бойынша ірі жеке кәсіпорын.
Кәсіпорын жанар-жағармай, дизель отынын, электр энергиясы мен түрлі қосымша құны жоғары химиялық өнімдерді шығарады деп күтуде.
Еске сала кетейік, Н.Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Алдағы бейсенбі күні ҚР Президенті қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады.