Қытайлық Xiaomi компаниясы ағымдағы жылдың соңына дейін өз өнімдерінің қатарына «ақылды» аяқ киімді қосуды жоспарлап отыр. Xiaomi жергілікті спорттық киімдерді тігумен айналысатын Li Ning компаниясымен келісімге келген.
Лей Джун басшылық ететін компания бастапқыда тек смартфон шығарумен айналысқан болатын. Сосын өзге де смарт-құрылғыларды шығара бастады. Өткен жолы олар электромобиль нарығына көшетінін хабарлады. Расында қытайлық стартап-компания нарықтың барлық салаларын қамтуды мақсат еткен сияқты.
Xiaomi компаниясының Li Ning спорттық брендімен келісімге келуі спорттық тәртіп пен денсаулықты бақылауға арналған смарт-девайстардың беделі артып келе жатқанын көрсетеді. Айта кетсек, «ақылды» кроссовкілер Xiaomi компаниясының Huami Technology негізінде жасалған арнайы чиптермен жабдықталады. Қазіргі кезде Huami Technology технологиялық әдісі Mi Band фитнес-трекерін шығаруда пайдаланылып келеді.
«Mi Band өнімінің Huami Technology негізінде жасалғаны өте ұтымды. Сондықтан осы технологияның жаңа өнімде қолданылуына серіктес болғанымызға қуаныштымыз. Ендігі мақсат «ақылды» кроссовкілерді қоғамға қол жетімді бағамен дайындап беру», - дейді Li Ning өкілі.
Financial Times басылымының жазуынша, смарт-кроссовкі әрбір басылған қадамды санап отырады. Сонымен қатар, жүгірушінің физикалық белсенділігін бақылайды. Ал Xiaomi ұсынатын арнайы мобильді қосымша жаттығудың нәтижесін шығаратын болады.
Естеріңізге сала кетсек, кроссовкінің астына чип орнату идеясын Nike компаниясы да өзінің Nike+ жобасында жүзеге асырған болатын. Сондай-ақ, Nike компаниясы «Болашаққа қайтып 2» фильмнің кейіпкері Марти МакФлай киген кроссовкіні ағымдағы жылдың соңына дейін жасауды жоспарлағаны туралы жазған болатынбыз.
Әртүрлі нарықты бағындыру арқылы Xiaomi компаниясы өзінің экожүйесін әлемдік деңгейге жеткізуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, қытайлық компания Стив Джобс негізін қалаған Apple-ге бәсекелестік тудыру үшін АҚШ азаматтарына қызмет көрсететін онлайн-дүкенін де ашып үлгерді.
Сурет: www.preventure.com
Оқи отырыңыз:
Болашақтың аяқ киімі ағымдағы жылда шығады
Xiaomi компаниясы ноутбуктер нарығында бақ сынайды
Xiaomi компаниясы экшн-камера шығарады
Xiaomi ультражұқа смартфондары таныстырылды