Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейтудің стратегиялық мәні зор.
Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдыру нәтижесінде ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалғанына назар аударды.
"Алайда, біздің пікірімізше, экономикалық байланыс мүмкіндігін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты бастамаларды тұтас ұйым аумағында жаппай таратуға болады", – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтары базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады деп санайды.
"Осы арқылы тауар алмасудың оңтайланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді және заманауи есеп айырысу тетіктерін сынап көруге болады. Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда Қазақстан осы институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова