68 жастағы Хуан Пин есімді тұрғын, айналасына тасжол салынып кеткен үйінен көшіп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pengpai басылымына сілтеме жасап.
Үй жолдың қақ ортасында орналасқан
Оқиға Цзянси провинциясының Цзинси уезінде болған. Мұнда жаңа G206 автобаны салынды. Жол үйді айналып өтетіндей етіп екіге бөлініп кеткен. Үстінен қарағанда көрініс ерекше болғандықтан, жергілікті жұрт оны "Цзинсидің көзі" деп атап кеткен.
Жомарт өтемақыдан бас тарту
Үй иесіне билік 1,6 млн юань (шамамен 120 млн теңге) және үш пәтер ұсынған. Бірақ Хуан Пин бұған келіспей, одан да жақсы шарт күтетінін айтқан.
"Егер уақытты кері қайтара алсам, сол ұсынысты қабылдар едім. Қазір қарасам, үлкен бәстен ұтылыппын", – деп мойындады ол журналистерге.
"Шеге үйіндегі" өмір
Жол құрылысы кезінде үйге тек трассаның астындағы алып су ағызатын құбыр арқылы кіруге болатын. Кейінірек жұмысшылар маңынан бөлек есік ойып берген. Бірақ соған қарамастан, үйде тұру мүмкін болмады: көліктердің дауысы мен дірілі тәулігіне 24 сағат үзілген жоқ.
Шыдамның шегі
2025 жылдың көктемінде жаңа жол іске қосылды. Сәуірде Хуан Пиннің отбасы шыдамай, қала ортасынан жалға алынған пәтерге көшіп кетті. Жазға қарай үйдің ауласы арамшөпке толып, терезелері сынған, ал туристердің қызығушылығы күрт азайған.
Үйдің болашағы
Үйдің тағдыры әзірге белгісіз. Билік әзірге оны сүру туралы ресми шешім қабылдамаған. Онлайн-карталарда "Цзинсидің көзі" "заманауи сәулет" ретінде белгіленгенімен, ресми мәртебесі жоқ.
Анықтама: Қытайда мұндай үйлерді "шеге үйлер" деп атайды. Яғни иелері өтемақыдан немесе көшуден бас тартып, жаңа құрылыстардың дәл ортасында қалып қояды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек