Қытайдан велосипедпен шыққан қандастарымыз Алматыға жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Қос дөңгелекті көлікті тізгіндеген Думан мен Оразай Қытайдың Санжы облысы Шонжы ауданынан 30 сәуірде жолға аттанған.
24 мамырда олар Алматыға келген. Бірнеше күн тынығып алған саяхатшылар енді Астанаға жол жүреді. Екі елдің байрағын желбіреткен велосаяхатшы Думан Мәдетханұлы мен Оразай Алтынбекұлы 1670 шақырымды артта қалдырып, 26 күнде Алматыға жеткен. Атақоныс қазақ еліне саяхаттау идеясы үш жыл бұрын туған. Бірақ оны жүзеге асырудың реті енді келген. Думан Мәдетханұлының айтуынша, қазақтың дарқандығын көзімен көріп, риза болған.
"Қазақстанның өзінің жергілікті тұрғындарын тоқтатып жол сұраған жағдай болды. Ол кісілер бізді тоқтатып, су беріп, біраз ақыл-кеңес беріп деген сияқты. Сондай бауырмал, қазаққа тән ақкөңілдігі, қонақжайлығы осы Қазақстанның елінде мәңгі бар екен. Осынау нәрсені көрген кезде жүрегім тебіренді", - дейді саяхатшы Думан Мәдетханұлы.
Велосаяхатшылардың ендігі бағыты - Астана. Алматының әсем жерлерін аралап, бірнеше күн тыныққан жігіттер ертең елордаға жол тартады. Думан мен Оразай жүрген жолдарын, алған әсерлері мен қиындықтарын телефонға таспалап, әлеуметтік желіде де жариялап отырады. Велосапардың бір мақсаты - екі ел арасындағы мәдени, сауда-экономикалық байланысты дәріптеу.
"Мәдениеті орасан зор дамыған, басқа адамдарды сыйлауы, құрметтеуі, көмектесуі дамыған. Табиғаты өте көркем, сулары мол, табиғаты адам көзі тоймайтындай өте көңілді, сондай рақаттана алады екенсің", – дейді саяхатшы Оразай Алтынбекұлы.
Жігіттер 1200 шақырымнан аса жолды еңсеріп, Астанаға жеткен соң шаһарды аралап, әбден мауқын баспақшы. Одан соң ас-суын дайындап туған жерге дейін кері қайтады. Осылайша, үш айға жуық уақытта велосаяхатшылар 6 мың шақырымды бағындырмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!