Қазір әлеуметтік желі арқылы алаяқтықтың түр-түрін көруге болады. Интернет арқылы "жоқ" тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде алдын ала төлем алудан бастап, банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңырау мен онлайн-қарыздарды ресімдеуге дейін. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни екі мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен. Massaget.kz тілшісі соңғы жартыжылдықта елімізде болған алаяқтықтың түрлеріне шолу жасады.
"Түркияға жеңілдікпен саяхатта"
Демалыс пен шет елдерге саяхат кезеңі басталған шақта интернет-алаяқтар қонақүй мен бір күндік пәтер жалдауға арналған сайттар арқылы адамдарды сансоқтырып бастады. Олар сайт арқылы ғана емес, әлеуметтік желіден де парақша ашып, белгілі бір мемлекетке саяхат бағасының жеңілдікпен төмендегенін айтып, ақша жымқырған.
Мысалы, Түркияға саяхаттап барғысы келген 34 жастағы Павлодар тұрғыны осындай интернет-алаяқтықтың жәбірленушісі. Ол Instagram желісінен саяхат турын сататын компания тауып, зерттей бастаған. Компанияның желідегі парақшасына қарап, жәбірленуші ешнәрседен күдіктенбестен, өзінің жеке нөмірін қалдырған. Кейінірек WhatsApp желісіне оған өзін саяхат компаниясының өкілі деп таныстырған жігіт жазып, турды сатып алу үшін жеке шотқа ақша аударуын сұраған. Павлодар тұрғыны барлығы 480 мың теңге аударған, біраз уақыттан кейін компания аккаунты нөмірін бұғаттап тастағанын байқап, бірден 102 нөміріне қоңырау шалған.
"Сіздің атыңызды жамылып, алаяқтық жасауы мүмкін"
Әлеуметтік желіге жеке сурет-видеоларды жүктейтін кезде абай болу керек деген сөз бекер айтылмаған. Себебі, сіздің суреттеріңіз бен жеке деректеріңізді кез келген адам өзіне сақтап, сіздің атыңызды жамылып, алаяқтық жасауы мүмкін.
Мысалы, Қарағанды облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы "қызбен" танысамын деп 2 миллион теңгесінен айрылған. Ер адам Желіде танысқан "бойжеткенмен" 3 ай бойы хат алмасып жүрген. Жәбірленушінің айтуынша, қыз оның сеніміне кіргені соншалық, оған қалай үлкен сомадаға қаражат салып жібергенін түсінбей қалған. Ақшаны алған "қызбен" байланысын үзіп алған тұрғын интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанын ұққан.
Қылмысты тергеуге көшкен мамандар, күдіктінің жеке басын анықтаған. Қарағанды облысы ПД өкілдерінің мәліметінше, күдікті 27 жастағы ер адам болып шыққан.
"Браузердегі сайттарға жеке деректеріңізді жазбаңыз"
Қазіргі кезде браузердегі сайттарға жеке деректеріңізді жазу өте қауіпті. Өйткені, интернет-алаяқтар жалған фишингтік сайт ашып, онда өзі туралы ақпарат қалдырған адамдарды құрығына түсіруі мүмкін. Мысалы, Астана ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиевтің сөзінше, қаскүнемдер мемлекеттік органның атынан жәрдемақы, зейнетақы және т. б. төлеу үшін өтінімді толтыруды ұсынатын сайт жасайды, онда сауалнамалық дерек, жақын және сенімді адамдар туралы мәліметтер сұралады. Осылай өтінімді толтырған адамның жеке дерегі алаяқтың қолына түседі.
"Электрондық поштаға хат келеді"
Келесі интернет-алаяқтықтың түрі электрондық поштаға келетін хат арқылы жүзеге асырылады.
Астана тұрғынының электрондық поштасына Өскемендегі кәсіпорындардың бірінен шот-фактурасы бар хат келген. Әйел хабарламаны ашқан бойда, монитор бетіне спам-жарнама шығып, компьютері қолдануға жарамсыз болып қалған. Киберқауіпсіздік, IT және коммуникация саласы бойынша сарапшы Евгений Питолин бұл салдары ең жеңіл алаяқтық түріне жататынын жеткізді.
"Сілтемеге кіремін деп парақшаңыздан айрылып қалуыңыз мүмкін"
Әлеуметтік желіде интернет-алаяқтықтың жаңа түрі тарады. Белгісіз нөмірден келген сілтемелерді мүлде ашпаңыз, өйткені сілтемеге кірген минуттан бастап парақшаңыз алаяқтың иелігіне өтеді.
Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызға белгілі бір онлайн-байқауда балаға немесе таныс адамыңызға дауыс беруін сұрап хабарлама келеді. Хабарламада көрсетілген сілтемеге кірсеңіз, жеке парақшаңыз сізге қолжетімсіз болып, бұғатталып қалады. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда Желідегі парақшаңызды ғана емес, мемлекеттік ресурстарға да кіре алмай қалуымыз әбден мүмкін.
"Қарызға ақша берші"
Келесі алаяқтықтың түрі сізге біраз уақыттан бері таныс болуы мүмкін.
Шымкент қаласы Абай ауданының полициясына жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде алданып қалғанын айтып, шағымданған. Жергілікті тұрғынның сөзінше, оған досы\танысы қиын жағдайға тап болғанын және бірнеше күннен кейін барлық соманы қайтаратынын айтып, қарызға ақша сұраған. Хат алмасып отырған адам досы екеніне сенімді болған ер адам белгілі бір шотқа қаражат аударады. Араға уақыт салып қарыз сұраған досымен кездейсоқ көрісіп қалған тұрғын, мүлде бөтен адамға ақша жібергенін білген.
Кейінірек полиция қызметкерлері күдікті ретінде Түркістан облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Қаскүнем әлеуметтік желідегі құрбандарын мұқият зерттеп, бірдей етіп тағы бір парақша ашу арқылы ақша алып отырған.
"Youtube-тегі жарнамаға кіремін деп 8,7 миллион теңгесінен айрылған"
Ақмола облысының 37 жастағы тұрғыны YouTube жарнамасына сеніп, сілтеме арқылы өтемін деп 8,7 миллион теңгесінен айрылған. Ол сілтемеге кіріп криптовалютаны қайта сатумен айналысып, ақша табуға уәде берген жалған қаржы компаниясының өкілдерімен байланысқан. Компания өз қаражатыңызды инвестиция ретінде салып, үстінен пайыз көресің деп уәде берген. Ауыл тұрғыны алдымен автокөлік сатып алу үшін алынған несиенің екі миллион теңгесін салған. Содан кейін алаяқтар қайта қоңырау шалып, пайыз көп болуы үшін тағы ақша салу керек деп сендірген. Сонымен жәбірленуші тағы төрт несие рәсімдеп, туыстарынан қарыз алып, барлық жеке жинағын салған. Ер адам келтірілген залал сомасы 8,7 миллион теңгеге жеткенде ғана алаяқтардың құрығына түскенін ұққан.
"WhatsApp арқылы Қытайдан тауар аламын деп 1,5 миллион теңгесінен айрылған"
Семейдің 35 жастағы тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы қаскүнеммен сөйлесіп, Қытайдан тауар алу үшін оған 1,5 миллион теңге аударған. Қаражат алаяқ шотына түскеннен кейін бірден ер адаммен байланысын үзген, алданғанын түсінген қала тұрғын полиция бөлімшесіне барып, арыз жазған.
Кейінірек тәртіп сақшылары Семейдің 35 жастағы жұмыссыз тұрғыны, қаскүнемнің жеке басын анықтаған.
"Мемлекеттен 100 мың теңге көлемінде көмек"
Әлеуметтік желіде әрбір қазақстандыққа 100 мың теңге және одан да көп мөлшерде "мемлекеттен көмек" бәрілетіні туралы жарнама тарады. Хабарлама авторлары бұл бұрын төленуі керек болған өтемақыны қаражатын қайтару деп түсіндірген. StopFake сайты бұл хабарламаның шындыққа жанаспайтынын айтып, тұрғындарды абай болуға шақырды. Себебі, мұндай ақпарат мемлекеттік ресурстардың ешбірінде жоқ.
Әдетте мұндай хабарламаларға жеке бастың деректерін толтыру үшін өтінімдер бекітіліп тұрады. Егер оны толтыратын болсаңыз, сіз туралы ақпарат алаяқтардың қолына түсіп, кейін зардап шегуіңіз мүмкін.
"2024 жылдан бастап балаларға төлем"
БЖЗҚ мәліметінше, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде кәмелетке толмаған баланың дерегін Мемлекеттік базаға енгізу бойынша қызметтерді ұсынатын іскер кәсіпкерлер пайда болған.
"БЖЗҚ" АҚ делдалдық қызмет туралы тараған осындай хабарландыруды елемеуге қатаң кеңес береді. Сіз балаңыздың дерегін өзіңіз тегін тексере және енгізе аласыз. Ол үшін ешқандай құжат жинап, шот ашып, қандай да бір ведомствоға, оның ішінде БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ", - делінген хабарламада.
Сонымен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдері қазақстандықтарға желіде "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы бойынша қызмет көрсеткені үшін ақылы көмек ұсынылып жатқанын ескертіп, ел тұрғындарын мұндай хабарламаларды елемеуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін былтыр интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтіргені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: 2024 жылы қандай гаджеттер шығады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!