ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді заңсыз әкелу дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу амалдарына сүйенсек, бір топ адам бақылауындағы ЖШС-лар арқылы "Евро-2" экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстан аумағына заңсыз импорттаған.
Осылайша "Евро-4"-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан заңсыз схема жүзеге асырылған. Техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар арқылы жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәлімет пайдаланылған. Көліктің қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда әдейі "Евро-5" экологиялық класы деп көрсетілген.
Қазақстан аумағына 20 арнайы техника заңсыз әкелінген. Олардың жалпы кедендік құны 284 миллион теңгеден асқан. Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 миллион теңгеден аса сомаға жеткізілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, яғни 9 көлік пен бір пәтерге тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!