"Қытайдан келген тауарларды сатып алуға шақырған". Павлодарда қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды

Павлодар облысында HAS Holding қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды. Қылмыстық топтың заңсыз әрекетін Қаржы мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылар халықтың сеніміне кіріп, түрлі жобаларға инвестиция салуға үгіттейді және ай сайын 70 пайызға дейін табыс табуға уәде береді. Бұл ретте қаржы пирамидасы өзін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстырған.

Салымшылармен Upgrade-AS, Holding AS, XAS-Logistic, light-AS және басқа да компаниялардың атынан келісім-шарттар жасасқан. Міндетті шарттардың бірі "180 000 теңгеге Қытайдан әкелінді делінген тұрмыстық тауарларды сатып алу" болған. Пирамиданың тұрақты жұмысының көрінісін жасау үшін алынған ақшаның бір бөлігі салымшыларға сыйақы ретінде төленіп отырған. Десе де ұйымдастырушылар ол сыйақыларды қайта пирамидаға салуға үгіттеген.

Қылмыстық топ әлеуметтік желілерде жалған акциялар ұйымдастырып, Астана мен Қосшы қалаларында көпқабатты үйлер салғанын көрсетіп, құрылыс декорациясы жасалып, арнайы техника жалдаған. Компания өкілдері түскен ақшаға бірқатар жылжымалы және жылжымайтын мүлік (жер телімдері, пәтерлер, автокөліктер) сатып алып, жақын туыстарының атына рәсімдеген.

Бұл қылмысты жасады деген күдікпен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!