“Қытайдан әкелініп, құрастырылды“ - Мажағұлов ісі бойынша куәгерлердің мәлімдемесі

Астана қаласы бойынша ауданаралық қылмыстық істер сотында Болат Мажағұловтың ісі қаралып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағылды. Іс материалы бойынша қаражат Астана қаласындағы "Күн сәулесі" атты әйгілі фонтанның құрылысына арналған - 1 миллиард теңге.

Қытайлықтардың бақылауымен құрылған

Қарашада басталған сот отырысы куәгерлерден жауап алумен жалғасып жатыр. Куәгерлердің бірі монтаж қызметкері Думан Ибраев. Оның айтуынша, субұрқақтың барлық бөлшектері Қытайдан жеткізіліп, Астанада тек құрастырылған.

"Ол толығымен Қытайдан әкелінді және сызбалар бойынша құрастырылды. Конструктор сияқты - Қытайдан әкеліп, осында жинады. Кабельдер, шамдар, лазерлік жарықтар - бәрі Қытайдан. Өзімізден ештеңе сатып алынбады", - деді ол.

Ибраевтың айтуынша, субұрқақты жинау жұмыстары қытайлық жұмысшылардың басқаруымен өткен.

"Монтаж жұмыстарын қытайлықтар жүргізді, біз көмек бердік. Олар әр бөліміне жауапты болды: біреуі электр жүйесіне, біреуі құбырлар мен сорғылар қосылатын түйіндерге. Қытайлықтардың басшылығымен бұл тек құрастыру жұмысы болды. Олар басынан аяғына дейін сол жерде жүрді", - деп түсіндірді монтажшы.

Куәгердің сөзінше, қытайлық және қазақстандық жұмысшылар саны тең болған. Сондай-ақ уақыттың тығыздығына байланысты елорда күніне дейін жұмысшыларға күні-түні жұмыс істеуге тура келген.

Күдікті шетелге қашуға әрекеттенген

Мажағұловпен қатар, сот залында құрылыс компаниясының директоры Мәди Қанапин де отыр. Оған аталған қылмысқа қатысушы ретінде айып тағылған. Бірақ ол қолхат арқылы бостандықта жүр. 

Болат Мажағұлов өзіне үйқамаққа алу туралы өтініш білдіргенімен, сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Себебі тергеу барысында Мажағұлов елден қашып кетуге тырысқан, сотқа шақыртуларға келмеген, шетелге ұшу билеті болған. 

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған Күн (Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы) субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!