Қазақстандық боксшылар Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогында үш алтын медаль жеңіп алды. Жоғары дәрежелі марапат иелерінің қатарында Абылайхан Жүсіпов, Виктория Графеева және Назым Қызайбай бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Абылайхан Жүсіпов айқын басымдықпен жеңді. Ол финалда үндістандық Дипак Дипакпен кездесті. Жүсіпов төрешілердің 5:0 есебімен берген шешімімен жеңіске жетті.
29 жастағы Жүсіпов үшін бұл World Boxing аясындағы Әлем кубогы сериясындағы алғашқы алтын.
Виктория Графеева World Boxing Әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы атанды. Бұл жолы оған 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тең келер ешкім болмады. 24 жастағы қазақстандық боксшының қарсыласы тайваньдық Линь Юйтин болды. Кездесу 3:2 есебімен Графееваның жеңісімен аяқталды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Қазақстанның атынан Гуйяндағы World Boxing Әлем кубогының алғашқы чемпионы Назым Қызайбай атанды. 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финал жекпе-жекте ол италиялық Сирин Шаарабиді тізе бүктірді. Кездесу қорытындысы — 4:1.
Осылайша, финалдың таңғы сессиясында өнер көрсеткен үш қазақстандық спортшының бәрі де жеңіске жетті. Алда күндізгі сессияда тағы айқастар өтпек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz