Қытай полициясы қылмыс болған жерде өлтірілген масадан қалған қан дағын анықтаған. Осы биоматериалдан алынған ДНҚ сараптамасы полицейлерге күдіктіні табуға көмектескен, - деп хабарлайды Oddity Central.
Басылым мәліметінше, полицейлер қылмыс орнын, яғни көпқабатты тұрғын үй кешенінде тоналған пәтерді тексеру кезінде қылмыскердің осы пәтерде түнегенін байқаған. Тергеушілер ас үйден кеспе қалдығы мен қайнатылған жұмыртқаны, төсектен шкафтан алынған көрпе мен жастықты тапқан. Сондай-ақ, олар қабырғалардың бірінен өлі маса мен екі қан дағын көргенде, қанды талдауға жіберуге болады деп ұйғарған.
ДНҚ сараптамасы қанның Чай деген адамға тиесілі екенін көрсеткен. Ол қылмыстан кейін 19 күн өткен соң ұсталып, жауап алуға жіберілген. Чай бұл іске қатысы барын мойындаған. Қазір күдікті қамауда отыр.