Қытайда Қазақстан азаматы ұсталды: мән-жайы белгілі болды

Қытайда Қазақстан азаматы ұсталды: мән-жайы белгілі болды
Фото: Видео кадры

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаровқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Threads-те Қытайда болған тосын жағдай туралы жазба пайда болды. Жазба авторының сөзінше, Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров ҚХР азаматымен жанжалға іліккен.

"Төбелес салдарынан Қытай азаматы қаза тапты. Қайғылы оқиға болғанын жоққа шығармаймыз, бірақ жағдай нақты қалай болғанын түсіну өте маңызды", - деп жазылған жазбада.

Сондай-ақ, жазба авторы оқиғаның видеосы бар екенін де айтты. Оның сөзінше, кадрда Қазақстан азаматына бірнеше адам тап бергені көрінеді.

"Махмұтханның әрекеті өз-өзін қорғау сипатында жасалған", - деп жазылған жазбада.

Жазбада Қазақстан азаматы Қытайға жұмыс істеуге кеткені де айтылады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.

"Гуанчжоу қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығына ҚХР Гуандун провинциясының қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан ресми хабарлама түсті. Қытай тарапы мәліметінше, Қазақстан азаматы денсаулыққа әдейі зиян келтіруге байланысты іс-әрекет жасады деген күдікпен ұсталған", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство қосымша ақпарат алу үшін Қытайдың құзыретті органдарына сауал жолданғанын мәлімдеді.

"Қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста және өз құзыреті шеңберінде консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр", - деді СІМ өкілі. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget